Шетелдік компаниялар Қазақстанда құны 4,5 млрд доллардан асатын 3 жел электр станциясын салады

Жарияланды (жаңартылды )
фото: Ақорда

Дубайда өтіп жатқан Климат жөніндегі дүниежүзілік саммитте құны 4,5 млрд доллардан асатын 3 ГВт-тық жел электр станцияларының құрылысына қатысты келісімге қол қойылды. Бұл туралы «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов мәлімдеді.

«Бүгін Мемлекет басшысының Дубайға сапары аясында Климаттың өзгеруі жөніндегі дүниежүзілік СОР28 саммитінің алаңында француздардың TotalEnergies, Сауд Арабиясының ACWA Power және Біріккен Араб Әмірліктерінің Masdar компанияларымен бірқатар келісімдерге қол қойылды. Осы келісімдер аясында Қазақстанда 3 ГВт-тық жаңартылатын энергия көзі пайда болады. Яғни 3 ГВт-тық жел электр станциялары салынады. 1,5 ГВт – Жамбыл облысында, 1 ГВт – Жетісу облысына, 0,5 ГВт – Қостанай немесе Ақмола облысында салынады. Бұл бастама біздің энергетикалық қауіпсіздігімізді нығайтып, көміртегіне қатысты бейтараптыққа қол жеткізуге үлес қосады. Жобалардың жалпы инвестициялық құны 4,5 млрд доллардан асады», – деді Нұрлан Жақыпов.

Қазақстанның және басқа да елдердің мемлекеттік органдары мен бизнес-құрылымдары арасындағы бірқатар келісімге қол қою рәсімінде ҚР Үкіметі «Ақтас Энерджи» ЖШС мен TotalEnergies компаниясы арасындағы «Жамбыл облысы Мирный кенті аумағында қуаты 300 мегаватт/600 мегаватт-сағат болатын энергия жинақтаушы аккумуляторлық жүйені пайдалана отырып, жалпы қуаты 1 ГВт жел энергиясын пайдаланатын электр станциясын әзірлеу, салу және пайдалануға беру» жобасын іске асыру жөніндегі инвестициялар туралы келісімді заңдастырды.

«Самұрық-Қазына» АҚ мен ACWA Power компаниясы арасындағы энергия жинақтау жүйесі арқылы жиынтық қуаты 1 ГВт болатын жел электр станцияларын салу жөніндегі жобаны бірлесіп әзірлеу туралы келісім де осы іс-шарада рәсімделді.

Сондай-ақ Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы жел электр станциясын (1 ГВт) салу жобасын жүзеге асыру туралы Үкіметаралық келісімге қол қойылды.

Сондай-ақ оқыңыз