Алматы метросы қарбалас уақытта 5 минуттық жиілікпен қызмет көрсетеді
Алматы метрополитенінде қосымша құрам желіге шығарылды. Енді метро бес минуттық жиілікпен қызмет көрсете бастайды. Бұл жайлы әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.
«Жолаушылар ағынын сараптау нәтижесінде Алматы метрополитенінде жылжымалы құрам саны көбейтілді. Енді қарбалас уақытта желіде 11 құрам 5 минут 38 секунд жиілікпен қызмет көрсететін болады», – делінген хабарламада.
Баспасөз қызметінің хабарлакынша, оқу жылы басталысымен жолаушылар ағыны 70 мыңнан 90 мыңға дейін өскен. Алматы метрополитені талдау жүргізіп, нәтижесінде жолаушылар саны күніне 100 мыңға дейін көбейгендігі анықталған. Сол себепті желіге қосымша құрам шығару туралы шешім қабылданған.
Әр құрам жалпы сыйымдылығы 900 адамнан асатын 4 вагоннан тұрады. Олар 11 станция бойынша жолаушы тасымалдайды. 2011 жылғы 1 желтоқсанда алғаш пайдалануға берілген метроға алдағы уақытта 4 станция қосылады. Ол бекеттердің екеуі «Шұғыла» және «Төле би» деп аталуы мүмкін. Бұл жайлы қалалық мәслихаттың VI сессиясында айтылды.