Бас прокуратура «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы қазақстандық кеншілердің өлімі есебінен байып отырғанын мәлімдеген мәжілісмен Арман Қалықовтың депутаттық сауалына жауап берді.
1 қарашада Мәжіліс депуты Арман Қалықов Үкімет басшысы Әлихан Смайылов пен Бас прокурор Берік Асыловқа «АрселорМиттал Теміртау» кеншілердің өміріне салғырт қарағанын жеткізді.
«Костенко шахтасындағы қайғылы оқиға Қазақстан халқын есеңгіретіп тастады. Біз Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаттары әрбір отбасына көңіл айтып, олармен бірге қайғыратынымызды жеткізгім келеді. Өкініштісі, 2 ай бұрын ғана «Қазақстан» шахтасында апат болған. Бұл оқиғалардың барлығы жұмысшылардың өміріне салғырт қараудың салдарынан болғаны анық. Осы кезге дейін компания қазақстандық кеншілердің өлімі есебінен байып отырды деуге болады. Себебі «АрселорМиттал» барлық жағынан үнемдеп отырған. Ресми деректерге сүйенсек, компания соңғы 4 жылда 200 млрд теңге табыс тауып, оның көп бөлігін шетелге шығарған», – деді депутат.
Арман Қалықов ірі кәсіпорындарды тексеруге жарияланған мораторийді алып тастауды және өндіріс орындарындағы жұмысшылардың қауіпсіздігін ерекше бақылауға алуды ұсынды.
Бас прокурор Берік Асылов депутаттық сауалға берген ресми жауабында ірі бизнесті «тәртіпке салу» мүмкін емес екенін мәлімдеді.
«Қазіргі уақытта «АрселорМиттал Теміртау» шахталарындағы соңғы апат бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 277-бабының 3-бөлігі (Тау-кен немесе құрылыс жұмыстары кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Іс прокуратураның бақылауында», – деді Бас прокурор.
Берік Асылов мұндай қайғылы оқиғалар жұмысшылардың қауіпсіздігіне жауапты тұлғалардың салғырттығынан, сонымен қатар құқықтық реттеу мен мемлекеттік бақылаудың жеткіліксіздігінен болатынын айтты.
«Ірі бизнеске жұмысшылардың еңбек құқығын бұзғаны үшін (ескерту немесе 500 мың теңгеден аспайтын айыппұл) әкімшілік жаза қолданылады. Бұл шара ірі бизнес өкілдеріне әсер етпейді. Сондықтан ірі бизнесті «тәртіпке салу» тәсілі жұмыс істемейді», – деді Берік Асылов.
28 қазан күні «АрселорМиттал Теміртаудың» Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтасында қайғылы жағдай болған еді.
Апат кезінде шахтада 252 адам болған, 206 кенші жоғары көтеріліп үлгерген. Бастапқы кезеңде тек 4 адам қайтыс болды деген хабар тарады. Кейін үйінді астынан 46 кеншінің мүрдесі шығарылды.