Фото: iqaa.kz
«Қазақстан темір жолының» бұрынғы басшысы және Қаңтар оқиғасы жайлы кітап авторы Жақсыбек Құлекеев «Қазақстан Халық Банкі» АҚ Директорлар кеңесі құрамына кіріп, тәуелсіз директор болып тағайындалды. Сонымен қатар кеңес құрамынан Мәжит Есенбаев өз өтінішімен шығарылып, Жомарт Нұрабаев «АЛМЭКС» холдинг тобы» АҚ өкілі ретінде кірді. Бұл туралы қаржы ұйымының Қазақстан қор биржасына жолдаған ақпаратында жазылған.
Директорлар кеңесінің құрамы қандай?
«Қазақстан Халық Банкі» АҚ акционерлерінің 2023 жылғы 1 желтоқсандағы кезектен тыс жиналысында шығарған шешімі бойынша, директорлар кеңесі сегіз адамнан (оның ішінде алтауы тәуелсіз директор) тұрады:
- Александр Сергеевич Павлов – Директорлар кеңесінің төрағасы, тәуелсіз директор;
- Арман Ғалиасқарұлы Дунаев – Директорлар кеңесінің мүшесі, тәуелсіз директор;
- Жақсыбек Әбдірахметұлы Құлекеев – Директорлар кеңесінің мүшесі, тәуелсіз директор;
- Франк Кайларс – Директорлар кеңесінің мүшесі, тәуелсіз директор;
- Жомарт Досанқұлұлы Нұрабаев – Директорлар кеңесінің мүшесі, «Алмэкс» холдинг тобы» АҚ өкілі;
- Петр Романовски – Директорлар кеңесінің мүшесі, тәуелсіз директор;
- Герман Тишендорф – Директорлар кеңесінің мүшесі, тәуелсіз директор;
- Үміт Болатханқызы Шаяхметова – Директорлар кеңесінің мүшесі, Басқарма Төрағасы.
Құлекеев банктің үлестес тұлғасы емес. Оған қоса банктің және оның еншілес ұйымдарының дауыс беретін акцияларына иелік етпейді. Ал Нұрабаев – «Қазақстан Халық Банкі» АҚ-ның үлестес тұлғасы, Банктің Директорлар кеңесінде ірі акционер – «АЛМЭКС» холдинг тобы» АҚ-ның мүддесін білдіреді.
Қазақстан Халық Банкі – бөлшек, ШОБ және корпоративтік банк қызметтерін, сақтандыру, лизинг, брокерлік қызметтер және активтерді басқаруды қоса алғанда, әртүрлі сегментте жұмыс істейтін Қазақстандағы жетекші қаржы тобы. Банк Қазақстан Қор Биржасында 1998 жылдан, Лондон Қор Биржасында 2006 жылдан бастап және Astana International Exchangeде 2019 жылғы қазаннан бері листингі бар.
Halyk Bank акцияларының 69,52%-ы «Алмэкс» компаниялар тобы арқылы Динара және Тимур Құлыбаевқа тиесілі болса, ал The Bank of New York Mellon несие мекемесі 28,52% жай акцияларына иелік етеді.
Halyk Grup таза пайдасы қаңтар-қыркүйек айларында 30,8%-ға өсіп, 537,293 млрд теңгеге жетті. Қаржы институтының биылғы 9 айдағы шоғырландырылған қаржы есебінде бұл көрсеткіш бүкіл 2022 жылғы пайдамен пара-пар екені жазылған. «Халық банктің» 2022 жылғы таза пайдасы 539,1 млрд теңгені құраған.
Құлекеевтің қызмет жолы
Жақсыбек Құлекеев С. М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін «математик» біліктілігімен бітірген, Алматы халық шаруашылығы институтында диссертация қорғап, «экономика ғылымдарының кандидаты» дәрежесін алған. Кейін «Қолданбалы математика» бағыты бойынша КСРО халыққа білім беру жөніндегі мемлекеттік комитетінде доцент аттестатын алған. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Жоғары аттестаттау комитеті «экономика профессоры» атағын берген.
Ол Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің төрағасы; Қазақстан Республикасының Экономика министрі, Қазақстан Республикасы республикалық бюджетінің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі сияқты жоғары мемлекеттік лауазымдарда жұмыс істеген, Сондай-ақ «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ және «Қазақстан темір жолы» ҰК АҚ-на басшылық қызмет атқарған.
ҚТЖ ұлттық компаниясының экс-президенті 2008 жылдың 1 сәуірінде 100 мың доллар пара алды деген айыппен тұтқындалған еді. Ал сотта оның «қызметін асыра пайдалағаны» ғана дәлелденіп, Астана қаласы Сарыарқа аудандық сот шешімімен 2008 жылдың 13 қарашасында 3 жылға бас бостандығынан айырылған.
Құлекеев 2009 жылдың қазанында мерзімінен бұрын шартты түрде босады.
2022 жылы «Қаңтар оқиғасы: Ақорда үшін күрес» атты кітап жазып шығарды. Биыл «ҚазАзот» АҚ директорлар кеңесі құрамына кіріп, тәуелсіз директоры атанды.