Көлік министрі жол жасау жобаларына қатысты қолдан қымбатшылық жасауға жол берілмейді деп ескертті

Жарияланды

Жол құрылысымен айналысатын компанияларға талап күшейді/kursiv.media

Жол құрылысы саласында міндетін мінсіз атқара алмаған мердігер компаниялар Қазақстандағы жолға қатысты жобаларға қатысу құқығынан айырылады. Бұл туралы Қызылорда облысында өткен «Қызылорда-Жезқазған» автожолының учаскелерін жаңғырту мәселелері жөніндегі кеңесте айтылды.

Ұзындығы 208 шақырымды құрайтын «Қызылорда-Жезқазған» тас жолын жаңғырту жобасын Еуропа қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) қаржыландырып жатыр. Жоба 2024-2025 жылдары аяқталады. Нәтижесінде жолдың сапасы III техникалық санаттан II техникалық санатқа ауысады.

«Қызылорда-Жезқазған» жобасы 6 учаскеден құралған. 2021 жылдың соңында 67 шақырымнан 216 шақырымға дейінгі 4 учаске бойынша келісімшартқа қол қойылған. Мердігер компания аталған учаскелерді 2024 жылы тапсыруы керек», – делінген Көлік министрлігінің хабарламасында.

Жария болғандай, №1 және №2-учаскелер бойынша конкурс берілген өтінімдердің жобалау-сметалық құжатындағы сомадан асып кетуіне байланысты қайта өткізілді. Осыған байланысты Қызылорда қаласын айналып өту құрылысының №1 учаскесі басқа қаржыландыру көзі арқылы жүзеге асырылатын болды. Сәйкесінше ЕҚДБ келісімімен жобадан алынып тасталды.

«№2 учаске бойынша келісімшартқа 2023 жылдың мамыр айында қол қойылған, алайда мердігер ұйымдар тарапынан жоба құнын ұлғайту қажеттілігі туралы мәселе көтерілуде. Осыған байланысты құрылысшылармен әңгімелесу барысында Қазақстандағы жол жобаларын қаржыландырудың мәселелері мен жаңа тәсілдеріне назар аударылды», – деп нақтыланды Көлік министрлігінің хабарламасында.

Көлік министрі Марат Қарабаев мердігерлерге бұдан былай жол құрылысына қатысты жобаларды қолдан қымбаттатуға жол берілмейтінін ескертті.

«Кейбір компаниялар алғашқы жылдары жұмысты әдейі кешіктіріп, үшінші, төртінші жылы жобаны қымбаттату мәселесін алға тартады. Осындай тәжірибеге тап болып отырмыз. Бұл ретте «ең басында келесілген сомадан артық ештеңе берілмейді» деп бірден айтамын. Бұрын-соңды басқа учаскелерде, атап айтқанда «Қарағанды – Балқаш» және «Талдықорған – Өскемен» учаскелерінде жұмыс істеген әріптестеріңіздің тәжірибесіне қараңыздар. Бұл баршаға сабақ болды, енді қайталанбайды. Бұдан былай жол жобаларына қатысты қолдан қымбатшылық жасауларыңызға жол берілмейді. Қолыңыздан келмесе, келісімшартты бұзып, жұмысты сол жерден тоқтатыңыз. Бұл барлық мердігер мен жол жобаларына қатысты мәселе», – деді Марат Қарабаев.

Көлік министрі заңнамаға өзгеріс енгізуге бастамашы болғанын алға тартқан теріс тәжірибесі бар компаниялар Қазақстанның жолға қатысты жобаларына қатыса алмайтын айтты.

«Қара тізім» бұрын да болған, алайда қазір аталған норманы пайдалану аясын одан әрі кеңейткіміз келеді. Сондықтан елімізге алғаш рет кіріп жатқан компаниялар бірден өздеріне «Қазақстанға ұзақ уақыт жұмыс істеуге келдік пе әлде жоқ па?» деген сұраққа жауап берулері керек. Өйткені алдағы 6 жылда 8 мың шақырымға жуық жолда құрылыс жұмысын жүргізу жоспарланып отыр», – деді Марат Қарабаев.

Көлік министрі мердігер компанияларға жобаға жан-жақты дайындықпен кірісу қажет екенін жеткізді.

«Барлық қажетті техниканы өздеріңізбен бірге алып келіп, ұзақ мерзімге ең жақсы қызметкерлерді жалдаңыздар. Егер мердігер жобаға кірісіп, техника сатып алу үшін бізден аванс күтіп отырса, біз қоштасуға мәжбүр боламыз. Мұндай тәжірибе біз үшін таңсық емес», – деп қорытты сөзін Марат Қарабаев.

Бұған дейін Көлік министрі Қазақстанда жаңа жол салу кезінде жермен қамтамасыз ету мәселесі ұзақ уақыт созылатынын, әкімдіктер жерді резервке қойып, жеке меншікке сатудан бас тарту керектігін айтқан болатын.

Сондай-ақ оқыңыз