Жаңалықтар

Жиырма жасқа толмаған азаматтар мен лудомандарға несие рәсімдеуде талап күшейеді

Фото:shutterstock

Жиырма жасқа толмаған азаматтар мен «ойын бизнесіне» белсенді тартылған қарыз алушылардың борыштық жүктемесінің коэффициентін есептеуге қатаң талап қойылады. Көрсетілген санаттағы қарыз алушыларға бұрынғыдай оңды-солды несие берілмейді. Бұл – жаңа жылдан бастап банк пен микроқаржы ұйымынан несие алу қиындайды деген сөз.

Осыған қатысты Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНДР) басқармасының қаулы жобасы «Ашық НҚА» порталына талқылауға шығарылды.

«Банк және микроқаржы қызметін реттеу мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне өзгеріс енгізу туралы» қаулының түсіндірме жазбасында борыштық жүктеме коэффициентін есептеуге қойылатын талап жеке тұлғаларға несие рәсімдеуде тәуекелдің пайда болуына жол бермеу үшін қажет екені көрсетілген. Осыған сәйкес клиенттің табысын ескере отырып, ай сайын қандай соманы нақты өтей алатыны алдын ала тексеріледі. Яғни азаматтар қарыз қақпанына түсуден қорғалады.

Бұдан былай банк менеджерлері клиенттің төлем қабілетімен қатар борыш салмағының коэффициентін назарға алады. Қарыз салмағының коэффиценті дегеніміз несие бойынша қаржылық жүктеме деңгейі. Яғни қарыз алушының кірісіне қатысты міндеттеме. Қарапайым тілмен айтқанда қарыз алушының табатын табысы мен алатын қарызы арасында теңгерім.

Кімдерге несие берілмейді. Бұрын алған қарыздарын кешіктіріп қайтарғандар мен қайтармағандарға несие берілмейді. Тұрақты жұмысы немесе ресми табысы жоқ азаматтар немесе қарызды үнемі 90 күннен асырып қайтаратын адамдар банк пен микроқаржы ұйымынан ақша ала алмайды.

Қаулыда қарыз алушының төлем қабілеті – ол өтініш жасаған күннен 6 ай ілгері уақыттағы ресми кірісін есепке алу арқылы анықталатыны айтылған.

Ресми кірісті растау үшін салымшының міндетті зейнетақы жарналары мен
міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары назарға алынады. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының сонымен қатар «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы дерекқорының ақпараты тексеріледі.

Бұған қоса зейнетақы төлемдері түсетін банк шотынан сонымен қатар жұмыс берушіден жалақы және басқа да кіріс түсетін банк шотынан үзінді көшірме алынады.

«Көрсетілген ақпаратты қарыз алушы тиісті құжаттарды ұсына отырып растайды немесе банктің ақпараттық жүйесінде тексеріледі және банк жазбаша нысанда не қарыз алушының сәйкестендіру құралы арқылы берілген қарыз алушының келісімі негізінде сұратады», – деп жазылған қаулы жобасында.

Құжатта соңғы 6 айда 300 мың теңгеден асатын ақшаға ойын бизнесін ұйымдастырған адамның пайдасына 3 және одан да көп төлем жасаған тұлға «ойын бизнесіне» белсенді тартылған қарыз алушы деп саналатыны нақтыланған.

«Қарыз алушының ойын бизнесін ұйымдастырушының пайдасына жүргізген төлемдерінің күндері мен сомалары туралы ақпаратты банк қарыз алушының Кредиттік бюродан алған кредиттік есебі негізінде айқындайды», – делінген қаулыда.

Естеріңізге салайық, биыл «Банк және банк қызметі туралы» және «Микроқаржы ұйымдары туралы» заңдарға өзгеріс енгізілді. Қазір банктер мен микроқаржы ұйымдары азаматтардың несие бойынша қарызы 90 күннен асып кетсе де, комиссия алмайды.

Бұған дейін ҚНДР Қазақстанда 1,5 млн адам несиесін дер кезінде төлемей жүргенін жариялады.

Сонымен қатар Агенттік банктер несиесін 90 күн төлемеген борышкерге жаңа қарыз бермеуі мүмкін екенін мәлімдеді. Ал кursiv.media тұтынушылық несие түйткілін шешудің жолы қандай деген сұраққа жауап берді.