СҚО-да қиындықтарға қарамастан 775 млрд теңгенің ауыл шаруашылық өнімі жиналған

Жарияланды
СҚО-да ауыл шаруашылық өнім көлемі басқа аграрлық өңірлермен салыстырғанда жоғары болған / Фото: kursiv.media

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов биылғы қиындықтарға қарамастан, өңірде 10 айдың қорытындысы бойынша жиналған ауыл шаруашылық өнім көлемі 775 млрд теңгені құрағанын айтты.

Оның айтуынша, дихандар шегіртке шабуылы, құрғақшылық, күзгі науқан кезіндегі жауын-шашынның көптігі секілді қолайсыздықтарға қарамасатан, басқа өңірлермен салыстырғанда көбірек өнім алған.

«Биыл ауа райының қолайсыздығы астықтың сапасы мен көлеміне әсер етті. Оған қарамастан, облыс диқандары гектарынан 11,1 центнер өнім алды. Бұл – басқа аграрлық өңірлер арасында ең жоғарғы көрсеткіш. Нәтижесінде, егін жинау алқабы ең аз болғанымен, 3,7 млн тонна астық жиналды. Майлы дақылдар 685 мың гектарда жиналды. Орташа өнімділігі 6,7 центнерден, 458 мың тонна бастырылды. Жалпы, облыс бойынша жақсы өнім алу үшін барлық қажетті аграрлық іс-шаралар кешені жүргізілді», – деді ол.

Бұл егін шаруашылығы бойынша көрсеткіштер. Ал мал шаруашылығына қатысты, он айда ет өндірісі 2%-ға, сүт өндірісі 3,4%-ға өскен. Құс өнімдері бойынша облыста 589 миллион жұмыртқа өндірілген.

Облыс басшысының айтуынша, бұл өңірде жылына 600 мың тоннадан астам сүт өндіріледі. Бұл жалпы республикалық көлемнің 10%-ын құрайды екен. Сол орайда Солтүстік Қазақстан облысы дайын сүт өнімдерін өндіру бойынша елімізде көш бастап тұр.

«Республика бойынша ауыл шаруашылығына ең көп инвестиция тартқан біздің облыс. Өңірде инвестиция көлемі 80 млрд теңгеден асатын 27 жоба іске асуда. Оның ішінде құс фабрикалары, қой фермалары, көкөніс қоймасы, жылыжайлар және суармалы жерлер бар. Осының арқасында, өңір халқы құс етімен, қажетті көкөністермен қамтамасыз етіледі. Сонымен бірге біздің өңір дайын сүт өнімдерін өндіру бойынша көш бастап тұрғанын ерекше атап өткім келеді. Өйткені облысымыз республика бойынша өндірістің 23%-ын өндіреді. сонымен бірге өңірде «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы жеңілдетілген несие беріліп, ірі жобалар қолға алынды. Бүгінгі таңда пилоттық жоба республика бойынша жүзеге асырылуда. Қазір облыс бойынша 12 мың бас малға арналған 13 сүт фермасы салынып жатыр. Оның алтауы жыл соңына дейін ашылады», – деді Нұрмұхамбетов.

Еске сала кетсек, жазғы және күзгі қолайсыздықтарға байланысты биыл астық бітік шықпады. Бірақ премьер-министр Әлихан Смайылов қазақстандықтар биыл нансыз қалмайды деп сендірді.

Сондай-ақ оқыңыз