Петропавлдағы мұржасы қисық қаланған ЖЭО-2 құрылысына бюджеттен қаражат бөлініп жатқан жоқ – СҚО әкімі

Жарияланды
Петропавлдағы ЖЭО-2 құрылысы келесі жылы аяқталады / Фото: kursiv.media

Клебановка тиесілі мұржасы қисық салынған Петропавлдағы ЖЭО-2 келесі жылдың жылыту маусымында іске қосылады. Бұл жайлы СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов айтты.

Әкімнің айтуынша қазіргі таңда қисық қаланған мұржа құрылысы тоқтаған. Мердігер компания осінен ауытқыған мұржаға демонтаж жұмыстарын жүргізіп жатыр.

«Мен осы жылдың 23 қыркүйегінде жұмысқа кірістім. Бір апта өткен соң, сол ЖЭО-ның құрылысын барып өз көзіммен көріп қайттым. Өздеріңіз білесіздер, онда түтін мұржасын 180 метрге дейін көтеру керек болған. Бірақ 36 метрге жеткенде мұржа осьінен ауытқып кеткен. Соған байланысты мердігер компания жұмыстты тоқтатты. Бірақ жұмыс графигі бар. Қазіргі мұржаны бұзу жұмыстары жүріп жатыр. Мердігер компания демонтаж жұмыстарын 21 метрге дейін жасап, лабораториялық шешімдерді күтеді. Лабораториялық зерттеулер жүргізілген соң, мұржа нөлдік деңгейге дейін бұрыла ма, әлде сол 21 метрден құрылыс жұмыстарын ары қарай жүргізе ме белгілі болады. Оның 12 млрд теңге қаражаты бар. Ол мұржаға бюджеттен қаражат бөлініп жатқан жоқ. Құрылыс жұмыстары инвесторлардың өз қаражатына жүргізіліп жатыр», –деді әкім.

Әкім жұмыстар толық аяқталмағанына қарамастан өңірде жылыту маусымында қиындық туындамайдеп деп сендірді.

«Біз қандай да бір апат болады деп күтіп отырған жоқпыз. Халық жылусыз қалмайды. Ешқандай апат, ешқандай проблема осы қыста болмайды. Қазір апатқа ұшыраған бір мұржаның орнына екі мұржа салынып жатыр. Біреуіне 60 млн жұмсалды, екіншісіне 100 млн жұмсалды. Ал салынып жатқан мұржа келесі жылдың жылыту маусымында іске қосылады. Негізінен график бойынша мұржаға 2023-2024 жылдары жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын. Бірақ біздің есебіміз бойынша мұржаны ертерек бітіруге мүмкіндігіміз бар», – деді Ғауез Нұрмұхамбетов,

Еске сала кетсек, тамызда Клебановқа тиесілі ЖЭО-2 мұржасы қисық тұрғызылғаны туралы хабарланды. 8 тамыз күні «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ-ның жаңа түтін мұржасының құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасын қадағалауды қамтамасыз ететін жауапты қызметкерлері құбыр осінің жобалық позициядан ауытқуын анықтаған. Сол кезде бұл нысанның құрылысын жүргізген мердігер компания – «ҚазтеплоСПЕЦСТРОЙ» ЖШС-і құрылыс жұмыстарының аз уақытта қайта қалпына келетінін хабарлаған болатын.

Бұл олигарх Клебановтың бақылауындағы энергетикалық нысандарда соңғы 1,5 жылда болған жалғыз оқиға емес. 2022 жылдың қараша айының аяғында қатты аязда Екібастұз жылусыз қалды. Бұл ЖЭО да Клебановқа тиесілі.

20 наурызда олигарх Клебанов басқаратын Петропавл қаласындағы ЖЭО-2-де үш мұржаның бірі жартылай опырылып, салдарынан бір жұмысшы үйінді астында қалып, қаза тапты.

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр алдағы жылыту маусымына дейін Екібастұздағы жылу желілері толық жөнделетінін айтып, өткен жылғы жағдайдың қайталанбайтынын мәлімдеді.  

Сондай-ақ оқыңыз