Тұңғыш келісімшарт: «Қазатомөнеркәсіп» Араб Әмірліктеріне уран концентратын жеткізе бастайды

Жарияланды
«Қазатомөнеркәсіп» БАӘ-ге уран жеткізуге келісті / Фото: kursiv.media

«Қазатомөнеркәсіп» Араб Әмірліктерінің ядролық энергетикалық корпорациясымен табиғи уран концентратын жеткізу бойынша келісім-шартқа отырды. Бұл жайлы компанияның баспасөз қызметі хабарлады.

Нақтырақ айтсақ, «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясы» АҚ мен БАӘ Emirates Nuclear Energy Corporation (ENEC) энергетикалық компаниясы «Барака» атом электр стансасының энергетикалық қажеттіліктері үшін қазақстандық табиғи уран концентратын жеткізу туралы тарихтағы тұңғыш келісімшартқа қол қойған.

Қол қою Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Біріккен Араб Әмірліктеріне ресми сапары аясында өткен.

«Біз Қазатомөнеркәсіп пен ENEC компаниясы арасындағы тұңғыш коммерциялық келісім-шартты компаниялар арасындағы маңызды әрі келешегі зор ынтымақтастықтың бастамасы деп білеміз. Сондай-ақ сату географиясының БАӘ-ге дейін кеңейгеніне өте қуаныштымыз. «Қазатомөнеркәсіптің» БАӘ-нің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі және нөлдік эмиссияға қол жеткізудегі рөлін ерекше бағалаймыз. Бұл біздің компанияның әлемдік ядролық отын нарығында сенімді жеткізуші ретіндегі мықты беделін көрсетеді. Болашақта біздің әріптестігіміз «Барака» атом электр станциясын табиғи уранмен үздіксіз қамтамасыз етуге бағытталған жаңа келісімшарттарға қол қою арқылы нығая түседі деп сенеміз», – деді «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов.

Өз кезегінде ENEC басқарушы директоры және бас атқарушы директоры Мохамед Әл Хаммади бұл келісім-шарттың страегиялық маңызы бар екенін айтты.

«Әлемдегі ең ірі уран өндіруші «Қазатомөнеркәсіппен» келісім-шартқа отыру ENEC үшін одан әрі әртараптандыру дегенді білдіреді. Ядролық отынмен қамтамасыз етудегі қауіпсіздік тұрғысынан алғанда бұл маңызды стратегиялық қадам. Көптеген елдер өздерінің энергетикалық кешеніне азаматтық ядролық энергияны енгізуге үлкен бетбұрыс жасап жатыр. Сол себепті бұл саланың маңызы зор. «Қазатомөнеркәсіп» БАӘ-дегі энергияны көп қажет ететін және ауыр өнеркәсіптердегі көміртек қышқылы бөлінісін азайтуға өз үлдесін қосады. БАӘ-нің таза электр энергиясын өндіруде тұрақты отынмен қамтамасыз ету бойынша серіктестер тізімі кеңейді», – деді компания басшысы.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша келісім-шарттың көлемі мен коммерциялық шарттары құпия және коммерциялық тұрғыдан маңызды әрі көпшілікке жария етілмейді.

Сапар барысында «Қазатомөнеркәсіп» делегациясы Біріккен Ұлттар Ұйымының Климаттың өзгеруі бойынша COP28 конференциясына да қатысқан.

Еске сала кетсек, осыған дейін «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» АҚ қытайлық CNUC компаниясымен қазақстандық табиғи уран концентратын жеткізу жөніндегі келісімшартқа қол қойған болатын. Онда да мәміле шарттарының құпия екендігі айтылған.

Сонымен бірге «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» АҚ «Үлбі-ЖБҚ» ЖШС Қазақстан-Қытай бірлескен зауытында дайындалған жылу бөлетін құрамалардың (ЖБҚ) партиясын, Янцзян АЭС-ына арналған ядролық отынды Қытайға жеткізді.

Сондай-ақ оқыңыз