Қосылған құн салығы үшін өтемақы берілмейді – Еңбекмині алаяқтарға алданбауға шақырды

Жарияланды
фейк
Қосылған құн салығы үшін өтемақы берілетіні туралы ақпаратты Еңбекмині жоққа шығарды / Фото: Pixabay.com

Әлеуметтік желілерде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қосылған құн салығы (ҚҚС) үшін өтемақы төлейтіні туралы ақпарат тарады. Министрліктің баспасөз қызметі бұл ақпараттың жалған екенін мәлімдеді.

«Мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ҚҚС үшін өтемақы енгізгені туралы таратылып жатқан ақпарат шындыққа жанаспайды», – делінген баспасөз хабарламасында.

Мессенджерлер мен әлеуметтік желіде тараған жалған ақпаратта министрлік тағайындаған қаражатты аудару үшін арнайы сілтемеге өтуді ұсынады. Министрлік мұны алаяқтардың айласы екенін ескертеді. Олар бұл сілтеме арқылы азаматтардың жеке деректеріне қол жеткізуі мүмкін.

«Әлеуметтік көмектің мұндай түрі жоқ екенін хабарлаймыз. Тиісінше, хабарламада көрсетілген сілтеме алаяқтар үшін азаматтардың жеке деректерін алу тәсілі болуы мүмкін. Алаяқтармен өзара байланысты болдырмау үшін сілтемеге өтпеуге кеңес береміз. Мемлекеттік қолдаудың тиісті шаралары туралы ресми ақпарат тек қана 1414 нөмірінен СМС-хабарламалар арқылы таратылады. Азаматтардан тек ресми көздердегі ақпаратты пайдалануын сұраймыз. Жалған ақпарат тарату заңмен жазаланатынын естеріңізге саламыз», – деп ескертеді министрлік.

Еске сала кетсек Еңбекмині қараша айында да ҚҚС төлемдерін енгізу туралы тараған ақпараттың жалған екенін хабарлаған болатын. Ол кезде де ведомство азаматтарды тек ресми көздердегі ақпаратқа сенуге шақырды.  

Сондай-ақ оқыңыз