Қайрат Сатыбалды мерзімінен бұрын бостандыққа шығуы мүмкін бе?

Жарияланды
Қайрат Сатыбалды мерзімінен бұрын бостандыққа шыға ма / gov.kz, shutterstock и freepik

Әлеуметтік желіде сот үкімімен 6 жылға бас бостандығынан айырылған Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалды мерзімінен бұрын бостандыққа шығуы мүмкін екені туралы айтылып жүр. Соған байланысты kursiv.media заң талаптарына шолу жасады.

МӘСЕЛЕ ҚАЙДАН ШЫҚТЫ?

Бұған дейін журналистер Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиевтен «Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі – Қайрат Сатыбалдының жазасы жеңілдеуі мүмкін бе?» деп сұрады.

Бас прокуратура өкілі мәселенің заң асында шешілетінін айтты.

«Теориялық тұрғыдан заңда шартты түрде мерзімінен бұрын бостандыққа шығару, жазасын жеңілдету сияқты шараларды қолдану мүмкіндігі қарастырылған. Заңда белгілі бір талаптар бар. Ол үшін жазаның қандай да бір мерзімі өтелуі қажет немесе жасалған әрекеттен келген шығынды өтеуі қажет. Содан кейін оның мінездемесі, бас бостандығынан айыру мекемесі берген мінез-құлқына сипаттамасы және тағы басқа жағдайлар ескеріледі», – деді Бас прокурордың орынбасары.

Айтуынша, сотталған азамат шартты түрде мерзімінен бұрын босату немесе жазаны ауыстыруды талап ете алады. Бұл – сотталған адамның құқығы.

Сондай-ақ сот бұдан бас тартуға немесе талапты қанағаттандыруға құқылы. Яғни, бұл міндетті түрде бостандыққа шығаруға тиіс дегенді білдірмейді.

ЗАҢДА НЕ ЖАЗЫЛҒАН?

Қылмыстық кодекстің 73-бабында жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жаза түріне ауыстыру көрсетілген. Соған сәйкес, сотталған адам онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыс жасағаны үшiн – жаза мерзiмiнiң кемінде 1/4, ауыр қылмысы үшiн жаза мерзiмiнiң 1/3 іс жүзінде өтегеннен кейiн, жазаның өтелмеген бөлiгi неғұрлым жеңiл жаза түрiмен ауыстырылуы мүмкiн. 

Бұған дейін осы мүмкіндікті қазақстандық кәсіпкер, Дариға Назарбаеваның құдасы Қайрат Боранбаев пайдаланды.

«Қылмыстық іс бойынша жәбірленуші тарап болса, 73-бап қолданылуы үшін ол тараптың барлық талап аразы қанағаттандырылуы керек. Егер сотталған адамның ешқандай қарызы болмаса, 73-бапты қолданып бостандыққан шығуға мүмкіндігі бар», – деп түсіндірді бұл бапты заңгер Бауыржан Азанов.

Айта кетейік, 2022 жылдың 26 қыркүйегінде Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Астана қаласы Байқоңыр ауданының №2 соты Қайрат Сатыбалдыұлын 6 жылға бас бостандығынан айырды.

Сатыбалдыға Қылмыстық кодекстің екі бабы «алдау немесе сенімге қиянат жасау жолымен мүліктік залал келтіру», «сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе талан-таражға салу» баптары бойынша айып тағылған болатын. Ол процесс барысында тағылған айыпты мойындады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қайрат Сатыбалдыұлына және басқа да адамдарға қатысты жүргізіліп жатқан тергеп-тексеру шаралары аясында елден заңсыз шығарылған активтерді қайтарғанын хабарлаған болатын. Ол кезде Бас прокуратурамен бірлескен іс-әрекеттер негізінде Біріккен Араб Әмірліктерінен жалпы сомасы 14 млн АҚШ доллары елге әкелінгені хабарланған еді.

Сондай-ақ оқыңыз