Сон келді: «Бәйтерек» холдингінің басқарма құрамы өзгерді

Жарияланды
Шығарушы редактор

Фото: kursiv.media

«Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингінің басшылық құрамы өзгерді. Бұған дейін холдингтің басқарушы директоры қызметін атқарған Вячеслав Сон басқарма төрағасының орынбасары болып сайланды. Бұл туралы холдингтің қор биржасына жолдаған ақпаратында жазылған.

Қазір «Бәйтеректің» басқарма құрамы 6 адамнан тұрады. Холдинтің басқарма төрағасы – Нұрлан Байбазаров. Вячеслав Сон мырзадан бөлек, басқарма құрамында Ұлттық статистика бюросының бұрынғы басшысы Нұрболат Айдапкелов,  Qazaqstan Investment Corporation директорлар кеңесінің төрағасы Әділ Мұхамеджанов, «Қазақстандық тұрғын үй компаниясы» АҚ директорлар кеңесінің басшысы Ерсайын Хамитов және басқарма төрағасының орынбасары Үсен Ғалым бар.

Қазан айының басында Нұрлан Байбазаров қазіргі Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың орнына тағайындалған еді. Оны таныстырған кезде премьер-министр Әлихан Смайылов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың холдингті трансформациялау жөніндегі тапсырмасын еске салған. Смайылов холдингтің жаңа басшысы бюрократиялық кедергілерді жойып, өтінім қарау мерзімін қысқартуы керек деп атап өтті.

2023 жылдың 9 айында «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі 400,1 млрд теңге пайда тапқан. 2022 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында алған 170,3 млрд пайдасымен салыстырақ, биылғы көрсеткіш 2,3 есе өскен.

Жақында Дүниежүзілік банк «Бәйтерек» холдингі мен оның даму перспективаларына арналған баяндамасында құрылымның қажет деңгейде ашық емесін айтты. Бұл экономиканың дамуына, тиімді қаржы нарықтарын құруға жеткілікті ықпал етпейтінін атап өтті. Жағдайды түзету үшін баяндама авторлары реформа жүргізуді ұсынады.

«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ – кәсіпкерлікті қолдау мақсатында құрылған даму институты. Ұлттық холдингтің негізгі міндеттері: экономиканың шикізаттық емес секторларын, кәсіпкерлікті дамыту, шикізаттық емес өнім экспортын қолдау, АӨК-дегі қаржыландырудың қолжетімділігін, өндірісті техникалық жарақтандыру және қарқындату деңгейін арттыру, экономиканың урбанидалуын қолдау. Ұлттық холдинг акцияларының 100%-ы Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті арқылы мемлекетке тиесілі. 

Өткен айда холдинг өз қызмет бағытынан бөлек саладағы 3 мекеменің акциясын сатып алды. Оның біреуі Қазақстандағы дәулетті адамдардың біріне қатысы бар компания болса, екеуі дәнді дақыл өсірумен айналысады.

Қараша айының соңында «Бәйтерек» «Самұрық-Қазына» қорымен бірге Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) 1,5 трлн теңге активін инфрақұрылым жобаларға бөлуге қатысатыны белгілі болды. Қаражаттың бір бөлігі бірнеше өңірде электр станцияларын салуға және жаңғыртуға бағытталмақ, «Бәйтерек» және «Самұрық-Қазына» БЖЗҚ сатып алатын облигациялар шығарады.

Сондай-ақ оқыңыз