«Алтын Орда» базарындағы бизнес-процес цифрлық форматқа көшіріледі.
Базарда 6 шлагбаум штаттық режимде жұмыс істейді. POS-терминал орнатылады. Қолданысқа QR төлем енгізіліп, базардың сайты іске қосылады.
Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігі Сауда комитетінің төрағасы Айдар Әбілдабековтің базар әкімшілігімен кездесуінде айтылды.
«Алтын Орда» базарының директоры, Big City Market ЖШС басқарушы компаниясының басшысы Данияр Дүзбаев аумақта 6 шлагбаум тест режимінде жұмыс істеп тұрғанын, келесі аптаның соңына дейін штаттық режимге көшетінін мәлімдеді.
Оның айтуынша, базар аумағына POS-терминал орнатылады.
«Қазір базардын сайты әзірленуде. Онда әрбір кәсіпкер сауда орындарының бар немесе жоқ екенін көре алады, сауда нүктелерін жалға алу шартын жасай алады және QR арқылы төлем жасайды», – деді Данияр Дүзбаев.
Сауда комитетінің төрағасы Айдар Әбілдабеков бизнес-процестерді цифрландыруға көшіруді жеделдету маңызды екенін атап өтті.
«Базар аумағына кіретін жүк машиналарын тану бағдарламасын пысықтау қажет. Өйткені олардың төлем нысаны басқаша. Олар бірнеше күн бойы өнім сату үшін базарға кіреді. Тиісінше жүргізушілер бұрынғыдай бірден бірнеше күн емес, базарда өткізген нақты уақытын төлеуі керек» – деді Сауда және интеграция министрлігінің өкілі.
1 маусымда «Алтын Орда» базарының жұмысын қадағалайтын мобильді топ құрылатыны мәлімделді.
Үкімет басшысы Әлихан Смайылов «Алтын Орда» базарында анықталған барлық заң бұзушылықтарды жоюды тапсырды.
Сол кезде базарда 5 мыңнан астам сауда нүктесі бар екені, оған күніне 50 мыңнан астам сатып алушы келетіні жарияланды. Сонымен қатар мұнда отандық өнімдермен қоса, көршілес елдерден келген тауар сатылатыны жазылды.
23 тамызда Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі «Алтын Орда» базарында бақылау-касса машиналарын қолданбай есеп айырысатын нүктелер анықталғанын хабарлады.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Алтын Орда» сауда базарында түсіндіру жұмыстарын жүргізу нәтижесінде 742 жеке кәсіпкер бақылау-касса машиналарын ерікті түрде тіркеген.
2 қарашада Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев марқұм Болат Назарбаев «Алтын Орда» базарының иесі емес екенін мәлімдеді.
«Білесіздер ме, біз зерделеген құжаттарда ол базар иесі деп көрсетілмеген. Сондықтан мен оның тұлғасы туралы, Болат Назарбаев меншік иесі, оның «құлағы бір жерден қылтиып тұр» деп айта алмаймын. Заң бойынша айта алмаймын», – деді Сауда және интеграция министрі.
Арман Шаққақиев «Алтын Орда» базарының меншік иесі саналатын тұлғалар бар екенін, оның ЖШС екенін, олар жол картасына қол қойғанын, өздеріне жауапкершілік алғанын мәлімдеді.
«Біз барлығын солардан сұраймыз. Олар тізілімге тіркелген, ресми меншік иесі», – деді Сауда және интеграция министрі.