Владимир Ким Hitech Global Holding-тің 25 пайыз акциясын сатып алудан бас тартты

Жарияланды
Шығарушы редактор

Фото: kursiv.media

Байлығы 4,6 миллиард долларға бағаланған қазақстандық, Kazakhmys Holding президенті  Владимир Ким Hitech Global Holding компаниясының 25 пайыз акциясын сатып алудан бас тартты. Бұл туралы «Қазақмыс» компаниясының «Курсив» жолдаған ресми сауалға берген жауабында айтылады.

Келісім-шартқа сәйкес, Владимир Ким Hitech GP жарыс командасы 2026 жылы «Формула 1» автожарысынан өтетін әлем чемпионатына қатысатын болса ғана, компанияның 25 пайыз акциясын сатып алуға тиіс еді. Алайда Халықаралық автомобиль федерациясы (FIA) команданың өтінішін қабылдамаған. Яғни, бизнесмен «Формула-1» жарысына қатыспайтын команда үлесін қажет етпеді.

Айта кетейік, Kazakhmys Holding ЖШС басшысы бұған дейін 6 жарыс командасына иелік ететін Hitech Global Holding компаниясының акционері болу ниетін жариялаған. Ол өз кезегінде Қазақстандағы автоспорттың дамуына серпін беріп, елдің туристік имиджін арттырар еді.

«Егер Hitech GP командасы 2026 жылғы жарыстарға қатысса, Формула-1 кезеңдері Алматыда өтетін еді. Бұл Қазақстан, соның ішінде Алматының мотоспорт әуесқойлары бас қосатын орынға айналуына мүмкіндік береді. Бұған мысал ретінде Формула-1 Гран-при жарысының алғашқы төрт жылында ел экономикасы 500 миллион доллар кіріс алған Әзірбайжанды келтіруге болады. Жыл сайын бұл жарыстарға билет сатудан түскен табыс 33 миллион долларға жетеді», – делінген жауапта.

Бұған дейін Іndependent басылымы ең бай қазақстандық автоспортқа қаржы салуға ниетті екенін хабарлаған.

Ол кезде мәміле сомасы жарияланбаған еді. 2002 жылы құрылған Hitech GP «Формула-«2» және «Формула-3» чемпионаттарында жарысқа қатысады. Жақында команда Формула-1 жарыстарына қатысуға лицензия алуға тиіс болатын. Ол жарыстар 2026 жылғы маусымда басталмақ.

Былтырға дейін Hitech GP-дің негізгі иесі ресейлік, «Уралкали» компаниясының басшысы Дмитрий Мазепин болған. Оның ұлы Никита Мазепин «Формула-2» жарыстарында Hitech GP жарысушысы ретінде қатысатын. Содан кейін ол «Формула-1»-ге көшіп, онда «Уралкали» демеушілігімен америкалық Haas командасының атынан шығып жүрді.

Украинада соғыс басталғаннан кейін санкциялардан сақтанған Мазепин Hitech Global Holding Limited акцияларының бақылау пакетін команда басшысы Оливер Окске береді.

Сондай-ақ оқыңыз