«Бәйтерек» холдингі ауыл шаруашылығы саласындағы тағы бір компанияның 49 пайыз акциясын иеленді

Жарияланды
Шығарушы редактор

«Бәйтерек» холдингіне аграрлық фирмалар не үшін керек? Фото: kursiv.media

«Бәйтерек» холдингі «Западное-НОРД 2020» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 49,0% үлесін иеленді. Бұл туралы холдингтің KASE сайтында жариялаған хабарламасында жазылған.

«Облигациялары Қазақстан қор биржасының ресми тізімінде тұрған «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ KASE-ге 2023 жылдың 30 қарашасынан бастап «Западное-НОРД 2020» ЖШС жарғылық капиталына қатысудың 49,0 % үлесіне ие болғанын хабарлады», – делінген ақпаратта.

Солтүстік Қазақстан облысы, Ғабит Мүсірепов ауданында тіркелген «Западное-НОРД 2020» ЖШС 2020 жылы құрылған. Компания басшы – Сергей Дудник. Серіктестік тұқым өсіруді қосқанда, дәнді және бұршақ дақылдарды өсірумен айналысады.

Серіктестіктің құрылтайшылары  – Сергей Дудник және «Западное-СК» ЖШС. Соңғысының 228 құрылтайшысы бар Мекеме 2021 жылы -20677 теңге, 2022 жылы 24936 теңге салық төлеген,

Бұған дейін холдинг өз қызмет бағытынан бөлек саладағы 3 мекеменің акциясын иеленген еді. Оның біреуі Қазақстандағы дәулетті адамдардың біріне қатысы бар компания болса, екеуі дәнді дақыл өсірумен айналысады.

Қазан айында холдинг «ТайыншаЖер Плюс» ЖШС 49%-ына иелік ететін белгілі болды. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясынан алынған дерекке сәйкес, «Тайынша Жер Плюс» ЖШС құрылтайшысы «Тамыз-Инвест» ЖШС. Ал, «Тамыз – Инвест» ЖШС құрылтайшысы «Samal Agro Invest» ЖШС, бастамашы азамат ретінде Ерлан Чапайұлы Қажынов көрсетілген.

 Ал қараша айында «Aвантюрин» ЖШС және «Qarqyn Group» ЖШС-ның 49,0% акциясын сатып алды.

Ашық деректерге сәйкес, «Авентюрин» ЖШС – СҚО, Ғабит Мүсірепов ауданында тіркелген. Шағын кәсіпорын тұқым өсіру, дәнді және бұршақ дақылдары өсірумен айналысады. egov порталында 2020 жылы құрылған компанияның басшысы Әли Ғаббасов деп көрсетілген. Қүрылтайшысы – Әли Ғаббасов пен «Әділ» басқарушы компаниясы. Ал басқарушы компанияның құрылтайшысы – жоғарыда аты аталған азамат. Екі фирма да бір мекенжайда тіркелген. Мемлекеттік кірістер комитеті сайтының дерегі бойынша, «Авантюрин» ЖШС еш салық төлемеген. Ал «»Әділ» басқарушы компаниясы 2027-2022 жылдары 78-85 млн теңге салық төлесе, биыл қазынаға 87 млн теңгеден аса салық құйған.

Холдинг жарғылық капиталын иемденген екінші компания – Qarqyn Group биыл тамыз айында ғана құрылған. Жас компанияның төлеген салығы – 7 мың теңге. Жалға алынған жылжымайтын мүлікті «субарендаға» өткізу және басқарумен айналысатын фирманың құрылтайшысы – «Қарқын» агрофирмасы мен Лейлә Буканова деп көрсетілген. Компания Қостанай облысында орналасқан. «Қарқын» агрофирмасы 1997 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Құрылтайшысы – Сайран Буканов. Бұл фирма да тұқым өсіру, дәнді және бұршақ дақылдары өсірумен айналысады.

Сондай-ақ «Бәйтеректің» активтерінің қатарында 2020 жылы құрылған Amanat jer 2020 серіктестігі бар, ол да дәнді және бұршақ дақылдарын өсірумен айналысады.

«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» – Қазақстан экономикасын әртараптандыру, инновацияларды қолдау, экспортты дамыту, еңбек өнімділігін ұлғайтуды қолдайтын, оны дамыту жөніндегі міндеттерді іске асыруды қамтамасыз ететін ұлттық институт. Холдинг 2013 жылы Қазақстан Президентінің Жарлығымен құрылды.

Сондай-ақ оқыңыз