Қазақстан нарығында жаңа әуе компаниясы пайда болады

Жарияланды

Қазақстан нарығында қандай жаңа әуе компаниясы пайда болады/ kursiv.media

Көлік вице-министрі Талғат Ластаев Қазақстан нарығында қандай жаңа әуекомпаниясы пайда болатыны жайлы мәлім етті.

Вице-министрдің айтуынша, бүгінгі күні бұл мәселе шетелдік әуе компаниялары өкілдерімен талқыланып жатыр.

«Келіссөздер күрделі процесс екенін білесіздер, алайда халықаралық ойыншылар тарапынан  біздің әуе тасымалы нарығымызға деген қызығушылық бар екенін айта аламын», – деді Ластаев.

Қазақстанда қай елдің әуе тасымалдаушысы ұшады деген сұраққа Талғат Ластаев: «Оңтүстік Шығыс Азиядан», – деп жауап берді.

«Бұл процесс барынша тез іске асады деп үміттенеміз. Себебі бұған көп фактор әсер етеді», – деп қосты вице-министр.

Қазақстанда жаңа әуе компаниясы пайда болатыны жайлы 2023 жылдың маусымында белгілі болды. Сол кезде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі , қазір Көлік министрі Марат Қарабаев әуе компаниясы елдің ішкі рейстерін жүзеге асыратынын айтқан болатын.  

Сондай-ақ шетелдік әуе компанияларының бірі отандық QazaqAir-ді сатып алуы мүмкін екендігін, осыған қатысты келіссөздер жүріп жатқанын жазған болатынбыз.

Бұған дейін Көлік министрі Қазақстан нарығында жалпы саны 5 әуе компаниясы жұмыс істейтін болатыны, оның 4-еуі отандық авиакомпания болса, 5-шісі бұл нарыққа шетелден кіретінін айтқан.

Сондай-ақ оқыңыз