Қызылшамен күрес: Астанадағы мешіт имамдары жұма намазы кезінде қызылшаға қатысты түсіндіру жұмыстарына атсалысады

Жарияланды

Қызылшамен ауырғандардың 96 пайызы екпе алмағандар / Фото: kursiv.media

Елордада қызылшамен күреске қала молдалары да жұмылдырылған. Бұл жайлы Астана қалалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әлия Рүстемова айтты.

«Қала әкімінің орынбасарының төрағалығымен қалалық штаб құрылды, апта сайын штаб отырысы өткізіледі. Сондай-ақ, Астана қаласы бойынша 15 мешіт бар, жұма намазынан кейін имамдар халық арасында ақпараттық-түсіндіру жүргізеді», – деді Рүстемова.

Сонымен бірге басқарма өкілі Астанада қызылшамен сырқаттанғандардың 96%-ы вакцина алмағанын айтты. Әсіресе, балалар мен екпе статусы белгісіз ересектер арасында бұл сырқатпен ауырғандар жиі тіркелген. Бүгінгі таңда қызылшаға байланысты стационарлық емдеуде 327 пациент бар болса, соның 248-і – бала екен.

Рүстемованың айтуынша, қызылшаға қарсы екпе алу арқылы бұл дерттің алдын алуға болады. Осы орайда МСАК ұйымдарында қызылшаға қарсы вакцинаның 8 600 дозасы жеткізілген. Сонымен бірге 121 мың адамды вакцинациялау үшін Үкімет резервінен 121 000 доза қосымша жеткізілмек.

«Балалар арасында қызылшамен сырқаттанушылықтың өсуіне байланысты №3 ауруханада төсек қоры 500 төсекке дейін, оның ішінде реанимациялық төсек 20-ға дейін ұлғайды. Қазан айының басынан бастап Қалалық жұқпалы аурулар орталығында орташа ауыр және ауыр дәрежедегі қызылшамен ауыратын ересек пациенттерді ауруханаға жатқызу үшін 100 төсек орналастырылды, резервте тағы 100 төсек бар»,  – дейді Әлия Рүстемова.

Сонымен бірге бір жасқа толмаған сәбилерді қосымша жаппай иммундауды жүргізу мақсатында оқшау бөлмелер дайындалған. Бұл бөлмелер иммунитеті әлсіз нәрестелердің өзге пациенттермен байланысын болдырмау үшін және жұқпалы ауруларды жұқтыру тәуекелін болдырмау мақсатында ашылған.

Еске сала кетсек, соңғы бірнеше айда елімізде қызылша ауруы өршіді. Сол үшін Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният көпшілікті екпе алуға шақырды.

«Бүгінгі таңда қызылша вирусының өзіне тән емі жоқ, сондықтан мұндай қауіпті инфекциядан құтылудың жалғыз жолы екпе егу болып отыр. Вакцинаның өзінен қорықпау керек, ол тексерілген. Біз оны жыл сайын ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес қолданамыз. Вакциналау мәртебесі жоқ балаларға, инфекция ошақтарында болған ересектерге екпе егеміз. Баршаңызды аурудан сақтану үшін емханаға шақырамыз», — деді Ажар Ғиният.

Иммундау мақсатында Алматыға қосымша жаппай иммундау жүргізу үшін 500 мың доза мөлшерінде қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы вакцина (ҚҚП) партиясы келді.

Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Зәуре Ахметова Қазақтанда қызылша індетінің өршуіне байланысты карантин жарияланбайтынын айтты. Оның айтуынша айтуынша қызылшаға байланысты еліміз бойынша ауруханаларда 3,5 мың орын дайындалған. Бүгінде оның 60 пайызында науқастар емделіп жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз