Үкіметтің сылбыр әрекеті салдарынан Қазақстандағы су тапшылығы мәселесі жақын арада шешілмеуі мүмкін – Базарбек

Жарияланды

Қазақстанда 17 жылдан кейін су тапшылығы болуы мүмкін/telegram.org/k/#@mazhilis_kz

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек суды тиімді пайдалану мен оның өзектілігі жайлы мәселені көтеріп, 2040 жылға қарай елдегі су тапшылығы 15 млрд текше метр болатын айтып, жан айқайын жеткізді.

«Еліміз таза ауыз су ретінде пайдаланатын судың көлемі кемі 50 процентке азаяды. Сонда әрбір екінші қазақстандық ауызсусыз қалады деген сөз емес пе?! Ал ауыз сусыз адам 3 күн ғана өмір сүретін білесіздер. Бұл өте қауіпті», – деді.

Депутат еліміздің даласы көктемде көлге айналса, жазда шөлге айналатынын алға тартып, бұл мәселенің әлі күнге шешілмей отырғанын да ашына айтты. Осы орайда, ол Кеңес кезіндегі болған жауын-шашын мен қар суын жинайтын шағын қоймалардың болғанын да еске салды.

Сондай-ақ депутат Мемлекет басшысының арнайы 20 жаңа бөген салу мен 3,5 мың шақырымдық каналды жаңғыртуға қатысты тапсырма бергеніне тоқталып:

«Бүгінгі Үкіметтің салғырт әрі баяу қимылынан жақын арада Қазақстандағы су тапшылығы мәселесі шешімін таппайтындай көрінеді. Оған бірнеше дәлеліміз бар. Су қоймалары ең басты стратегиялық нысан. Сондықтан еліміздегі мұндай маңызды су сақтау нысандарының көпшілігінің жекелешеленіп кеткендігі бізді қатты алаңдатады. Су қоймалары мен көлдердің қожайындарының не істеп, не қойып жатқаны белгісіз. Олардың қаншалықты тозығы жетіп тұр, оны нығайту бойынша қандай шаралар қолға алынған, ол жағы да беймәлім. Жеке меншік нысан болғаннан кейін оның аумағына ешкім бас сұқпайды. Мемлекеттік бақылаудан да тыс қалуда», – деді депутат.

Су тапшылығының таяу арада шешімін тапайды деуіне бірнеше дәлелім бар деген депутат ресми деректерді келтірді. Оған сәйкесінше, елімізде 1478 гидротехникалық құрылғы бар екен. Оның ішінде 342 – су қоймасы, 219 – дамба, 119 – су торабы, 313 – тоған бар. Бақытжан Базарбек олардың 333-і республикалық меншікте, 895-і – коммуналдық меншікте, ал ең қызығы 228-і жеке меншікте болса, 22-сі – иесіз екеніне баса назар аудартты.

«Ал жекелеген фактілер бойынша, мемлекеттік жер кадастрі базасында тіпті табиғи жолмен қалыптасқан көлдер жер телімі ретінде беріліп кеткен. Қожайындары көлдерді қоршап, халықтың наразылығын тудыруда. Бұл жағдай, кемінде 5-6 облыста кездесетін жай. Сондықтан еліміздегі осындай нысандарға толықтай түгендеме жасап, жай-күйін нақтылау, қажет болса, оларды тез арада мемлекет меншігіне қайтару – кезек күттірмес іс», – деп атап өтті.

Сонымен қатар мәжілісмен су пайдаланудағы келесі бір маңызды нысан – каналдар жайын сөз етіп, каналдардың кімнің иелігіндегі екені де анық еместігін айтты.

«Мәліметтер бойынша, елімізде шамамен 3,5 мыңдай магистралдық және шаруашылық каналы бар. Олардың жартысынан астамының әбден тозығы жеткен. Соның салдарынан 60% су құрдымға кетіп жатыр. Бұл – үлкен шығын. Демек, бар судың өзін ысырап етіп, дұрыс пайдалана алмай отырмыз. Нағыз үнемдеу осы жерде», – деді.

Сөзінің соңын қорыта келе, депутат мәселенің маңыздылығын ескере отырып, «AMANAT» партиясы жанынан арнайы комиссия құрып, еліміздегі жеке меншікке өтіп, бірақ қараусыз қалған, жұмыстары үйлестірілмеген су қоймаларын, дамбаларды, көлдерді, бөгендерді және тағы да басқа стратегиялық маңызды су нысандарын мемлекет балансына қайтару шараларын қолға алуды ұсынды.

Ал бұл салада заңсыздыққа жол беріп, талапқа бағынбайтындар қатаң жазаға тартылуы тиіс екенін айтты.

Еске салар болсақ, Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресейдің XIX Өңіраралық ынтымақтастық форумында Қазақстанға су ресурстары тапшылығының қаупі төніп тұр деген болатын.

Сондай-ақ оқыңыз