Бұрынғы білім және ғылым министрі Назарбаев университетінің вице-президенті болып тағайындалды

Жарияланды (жаңартылды )

Аслан Сәрінжіпов Назарбаев университетінің атқарушы вице-президенті болып тағайындалды/kursiv.media

Назарбаев университеті қамқоршылық кеңесінің шешімімен бұрынғы Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов жоғары оқу орнының атқарушы вице-президенті болып тағайындалды. Бұл туралы Назарбаев университетінің баспасөз қызметі хабарлады.
Соңғы 4 жылда Назарбаев университетінің атқарушы вице-президенті Арғын Қыпшақов болды.

Баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, Аслан Сәрінжіпов Назарбаев университетінің құрылуы мен қалыптасуының басы-қасында болған.

Назарбаев университеті қамқоршылық кеңесінің шешімімен тағы 3 адам вице-президент болып тағайындалды.

«Дархан Біләлов, жоғары білім саласындағы PhD докторы. Бұрын «Абай атындағы ҚазҰПУ» КеАҚ басқарма төрағасы – ректоры, ҚР Президентінің жанындағы «ҚР Ұлттық ғылым академиясының» вице-президенті қызметтерін атқарған. Ерлан Шоланов, МВА магистрі. Бұған дейін Назарбаев университетінің Жоғары білім мектебінің атқарушы директоры, Kozybayev University басқарма төрағасы – ректоры, «Нархоз университеті» КЕАҚ провосты лауазымдарын атқарған. Әсел Уәлиева, DBA докторы. Бұған дейін Назарбаев университетінің Жоғары бизнес мектебінің атқарушы директоры, әл-Фараби атындағы ҚазҰУбасқарма мүшесі – Операциялық қызмет жөніндегі проректор қызметтерін атқарған», – делінген хабарламада.

Биыл мамыр айының соңында Назарбаев университеті президенттері Шигео Катсудың отставкаға кететінін мәлімдеді. Оның міндетін уақытша атқару Илесанми Адесидаға жүктелді.

Маусым айында Сенат депутаттары экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевты «Назарбаев зияткерлік мектептерінің, Назарбаев университетінің және Назарбаев атындағы қордың Жоғарғы кеңесінің басшысы мәртебесінен айыратын заңды мақұлдады.

Шілдеде президент Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті заңға қол қойды.

Қазан айында премьер-министр Әлихан Смайылов университеттің, зияткерлік мектептердің және Назарбаев атындағы қордың Жоғары қамқоршылық кеңесін басқаратындығы жарияланды.

Қыркүйекте Назарбаев университеті еліміздегі оқу ақысы ең қымбат жоғару оқы орны екені айтылды. 2023-2024 оқу жылының 4 негізгі кәсіптік бағыты бойынша оқу құны 7,5 миллион теңгеден басталып, 9 миллион теңгеге дейін жететіні белгілі болды.

Сондай-ақ оқыңыз