Adani Group компаниясының иесі, үнді миллиардері Гаутама Адани Екібастұз ГРЭС-3 құрылысына қаржы құймайтын болды. Өйткені олар станция жобасын жүзеге асыру барысында жоғары маржа аламыз деп үміттенген. Бұл туралы «Самұрық-Қазына» қорының стратегия және активтерді басқару жөніндегі директоры Ернат Бердіғұлов айтты.
«Олардың сұраған маржасы өте жоғары болды, сондықтан қойған шарттары бізге сәйкес келмеді», – деді ол Курсивке.
«Самұрық-Қазына» АҚ-ның еншілес ұйымы «Самұрық-Энерго» компаниясының ақпараты бойынша, Екібастұз ГРЭС-3-тің қуаты 1200–1320 МВт құрайды. 1 МВт-қа 1,2 миллион доллар кетеді деп естесек, жобаның жалпы құны 1,44–1,56 миллиард долларға жетіп қалады. ЖЭО-ны 2023–2028 жылдары жүзеге асыру жоспарланған.
22-23 тамызда «Самұрық-Энерго» бес әлеуетті серіктес компаниямен келіссөз жүргізді. Олардың бәрі қытайлық компания: Energy China, Power China, CMEC, TBEA және Huadian Corporation. «Самұрық-Энерго» 2024 жылдың 1 наурызына дейін дайын болуы тиіс алдын ала техникалық-экономикалық негіздемені (ТЭН) әзірлеуге келісімшарт жасады. Ал жобалау, нысанды салу және пайдалануға берді мойнына алатын мердігермен келісім 2024 жылдың ІІ тоқсанында жасалмақ. Нақты мердігер компания немесе консорциум, тендер нәтижесі бойынша анықталады.
Үндістандық миллиардер Қазақстанда көмір элект станциясын салуға ниетті деген хабар шілде айында тарады. Сол кезде «Adani Group» компаниясы Қазақстанда қуаты 1 ГВт-тан асатын көмір зауытын салуға болатын бірнеше учаскені зерттеген. Қазақстандық тарап компания жауабын тосып отырған еді.
Топтың иесі Гаутам Адани 2022 жылдың желтоқсан айында Қазақстанға келіп, президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесті. Сол кезде ол әлемнің ең бай тұрғындарының тізімінде Бернард Арно мен Илон Масктан кейін үшінші орында тұрған. Үндістандық миллиардер «Самұрық-Қазынамен» 1 ГВт көмірмен жұмыс істейтін электр стансасын және ұқсас қуаттылықтағы жаңартылатын энергия көздерін салу туралы келісімге келген болатын.
«Біз бұған дейін олармен 1 ГВт көмірмен істейтін станция және 1 ГВт жаңартылатын энергияға қатысты кешен салу туралы келіскен болатынбыз. Алдын ала болжам бойынша ол Екібастұз көмірімен жұмыс істеуі мүмкін. Өйткені Екібастұзда темір жол көлігінің артериялары бар және оңтүстік аймаққа жақынырақ жерде, темір жолға қатты салмақ түспейтін өңір болуы керек», – деген еді «Самұрық-Қазына» АҚ стратегия және активтерді басқару жөніндегі басқарушы директоры Ернат Бердіғұлов.
««Самұрық-Энерго» АҚ жобалық кеңсесінің басшысы Аңсар Айдаров үнді конгломераты Қазақстанда көмірмен жұмыс істейтін станция салуға мүдделі, оған қоса инвестициясынан жақсы табыс тапқысы келетінін айтқан.
«Олар (Adani Group – «Курсив») қызығушылық танытып отыр. Алайда инвестицияға қоятын талабы биік: капиталдың кірістілігі жоғары болуы шарт. Оған қоса қаржыландыру шарттары бар. Біз бұл бағытта әлі жұмыс істеп жатырмыз», – деген болатын Айдаров.
Қаңтар айының соңында Adani группқа Hindenburg Research компаниясы шабуыл жасап, 100 беттік есебін жариялады. Қарсылас компанияның мәліметінше, Adani групп Кариб бассейніндегі, Маврикийдегі және Біріккен Араб Әмірліктерінде отбасымен оффшорлық компаниялар желісін ашқан. Хабарламаға сәйкес, бұл шоттар сыбайлас жемқорлық мақсатында және ақшаны жылыстатып, салық төлеушілердің шотынан қаражатты ұрлауды жеңілдету үшін пайдаланылған. Сонымен бірге Adani порттар және энергетикамен айналысатын листингілік компаниялардың ақшасын да сорып отыру үшін осы оффшорлық шоттарды пайдаланған.
Adani Group компанияның бұл есебін «жалған ақпарат және негізсіз айыптаулар» деп бағалап, заңды шара қолдануға уәде берді. Үшінші күні топ Hindenburg айыптауларының қысқаша мазмұнын жариялады. Алайда ол инвесторларды сендіре қоймады. Компанияның қағаздары арзандай берді. Осыған байланысты Үндістанның Орталық банкі жергілікті банктерден топтың компанияларына қатысты тәуекелдерді егжей-тегжей көрсетуді сұрады. 2023 жылдың маусым айындағы жағдай бойынша компания SEC-тің тергеуіне ұшырамағанын ресми түрде мәлімдеді.
Шабуылдан кейін бір аптадан кейін топтың холдинг құрылымы – Adani Enterprises Limited – 38%-ға, бір айдан кейін – 62%-ға төмедеді. Сәуір айынан бастап компания қағаздары баяу қалпына келе бастады, бірақ 2023 жылдың тамызындағы жағдай бойынша компания Hindenburg есебі жарияланғанға дейінгі құнынан 40%-ға арзан.