Қазақстан Ұлттық қордың ашықтығы деңгейін неге Норвегия мен Әзербайжан сияқты қамтамасыз ете алмай отыр?

Жарияланды (жаңартылды )
Фото:shutterstock

Ұлттық қорымен жүргізілген соңғы мәмілелер бақылаушылардың көңіліне күмән ұялатып, елдің ұлттық қорын басқарушылар ашықтықты жақсарту стандарттарына неге ұмтылмайды екен деген ой туғызды. Себебі бұл ашықтық сол қорды басқарып отырғандардың өздері үшін тиімді болар еді.

Басынан бастасақ

«Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының «ҚазМұнайГаз» бағалы қағаздарының шамамен 16,15%-ын (желтоқсан айының басындағы жағдайға қарағанда қарашаның орташа бағамы бойынша – 2,3 млрд АҚШ доллары) Ұлттық қорға 1,0 трлн теңгеге сатуы осы жылдың күзінде болған басты бюджет оқиғасы деуге болады. Ұлттық қор қаражатына ұлттық компанияның акцияларын сатып алу – қазақстандық бағалы қағаздарды Ұлттық қордан тікелей сатып алуға тыйым салған 2030 жылға дейінгі мемлекеттік қаржыны басқару тұжырымдамасының қолданыстағы түпнұсқасын бұзды. Бұл мәмілені жасау үшін құжатқа «ҚазМұнайГаз» бағалы қағаздарына қатысты түзетулер енгізілді. Ал бұл, өз кезегінде, Қаржы министрлігіне бюджеттің ағымдағы шығыстарын (Ұлттық қордан нысаналы трансферт түрінде) қаржыландыру үшін ұлттық қор қаражатына сатып алуға рұқсат берді.

Осы оқиға ойға Ұлттық қорды басқарушылардың есеп беруі туралы жауыр болған әңгімені еске салды. Есеп беру принципі  2030 жылға дейін Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының активтерін басқару тұжырымдамасында көрсетілген. Бюджет кодексіне сәйкес, Қаржы министрлігі ай сайын шоттағы қаражаттың жалпы сомасы, түсімдер мен алымдардың көлемі, кірістер мен шығыстар туралы ақпарат беруге міндетті. Ұлттық қорды қалыптастыру және пайдалану жөніндегі жылдық есепте құрал түрі және эмитент ел бойынша ірілендірілген портфель құрылымы, сондай-ақ активтердің кірістілігі туралы ақпарат ұсынылады. Алайда тіпті жыл сайынғы есептің өзінде елдің егеменді Ұлттық қоры портфелінің құрылымы егжей-тегжей көрсетілмейді. 

Басқару қорытындыларын Ұлттық Банк (ҰҚ туралы заңға сәйкес қорды басқарады) өзінің жылдық есебінде көрсетеді, реттеуші әдетте 90 беттің үш бетін Ұлттық қорға арнайды. Ақпарат Қаржы министрлігінің Ұлттық қор  бойынша жылдық есебінде көрсетілген мәліметтерді ішінара қайталайды. Сондай-ақ Ұлттық Банк ай сайын Ұлттық қор активтерінің халықаралық бөлігінің мөлшері туралы ақпарат береді, бірақ та оны талдап көрсетпейді.   

Өзге елдің қоры қалай жұмыс істейді

Қазақстандық Ұлттық қор пайда болғаннан бері өзіне норвегиялық Government Pension Fund Global-ды (GPFG) үлгі тұтады. Норвегиялық қорда әрбір инвестицияның тарихын көруге болатын жеке сайты бар. GPFG-тың жылдық есебінде басқарушы кеңес пен инвестициялық басқарушылар мүшесі, құнды қағаз түрі, ел мен валюта бойынша инвестиция бағыты, сондай-ақ әрқайсысы бойынша табыстылық, әр сегмент бойынша инвестициялық стратегияға сипаттама және инвестициялық қауіпті бағалау, корпоративтік басқару туралы мәлімет және тексерілген қаржылық есеп көрсетілген.

Әзербайжанның мемлекеттік мұнай қорының жұмысы (SOFAZ) жайлы ақпаратта жеке сайтта көрініс тапқан. Онда бақылау кеңесі мүшелері мен топ-менеджменттің аттарын, қордың барлық реттеуіштері мен тоқсандық қорытындылары ашық көрсетіледі. Әзербайжанның мемлекеттік мұнай қорының жылдық есебі GPFG есебіне ұқсас, алайда, шынын айту керек, толық ақпарат, мәселен, түсім түскен жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың аты мен қанша сома түскені көрсетілмейді.

Листингтік компаниялар сияқты жылдық есеп пішімін егемен қорлардың таңдауы тегін емес. Ол осы немесе басқа ұйымның қалай ақша тауып жатқанын және қазір қалай жұмыс істеп тұрғанын ғана көрсетіп қана қоймады, сонымен қатар келешекте осы ұйымның тұрақты дамуын анықтайтын тәуекел-менеджменті мен комплаенсын қандай деңгейде жөнге салынғанын түсінуге мүмкіндік береді.  

Көп білу қажет емес

Норвегиялық және әзербайжандық қорларға қарағанда қазақстандық Ұлттық қордың не сайты, не толыққанды жылдық есебі жоқ. Мұны шенеуніктердің ашықтықтан қашуы деуге келмейді. Өйткені Ұлттық банк Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында басқарады, ал оның ашықтығы жекелеген позициялар бойынша GPFG-тен де асып түседі.

«Курсив» қазақстандық егеменді қоры туралы ақпараттың егжей-тегжей жарияланатыны күтуге тұра ма, соны анықтап көруді жөн көрді. «Ең үздік халықаралық тәжірибе (Норвегия мен Әзірбайжан қорлары) активтер құрылымын егжей-тегжейлі көрсететін қор қызметі туралы жыл сайынғы есеп беруді дайындау үшін есеп беру принципін жүзеге асыруды көздейді. Қазақстанда жылдық есепті жариялау- форматын пайдалану жоспарланып отыр ма» деген сауал тастады.

Ұлттық экономика министрлігі «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын қалыптастыру және пайдалану туралы жылдық есепті бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган – Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі Қазақстан Республикасы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен бірлесіп жыл сайын жылдың 1 мамырына дейін жасайды» деп жауаптан сытылып кетті.

Экономика министрлігі: «Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының жылдық есебіне қатысты қосымша сұрақтар туындаған жағдайда толығырақ ақпарат алу үшін ҚР Қаржы министрлігіне хабарласқан жөн деп санаймыз», – деген ұсыныс айтты.

Қаржы министрлігі сауалды Ұлттық банкке жолдап, түсініктеме бермеді. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі «Курсивке»  қазірдің өзінде қоғамдық игілікке айналғанын: Ұлттық қор туралы ақпарат Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің жылдық есебінде бар екенін, ал Қаржы министрлігі жыл сайын Ұлттық қордың сенімгерлік басқару нәтижелері бойынша есепті жариялайтынын мәлім етті.

Ашықтықтың пайдасы

Бұл жауаптарды нақты қойылған сұрақтарға берілген теріс жауап деп қарауға бола ма? Жоқ дегеннен гөрі, иә деген дұрыс болар. Ұлттық қордың Қаржы министрлігі дайындайтын есебі GPFG жариялайтын есепке мүлде келмейді. Қазақстандағы мемлекеттік органдар Ұлттық қор туралы жария ақпарат қазірдің өзінде жеткілікті, ал жекелеген активтер мен мәмілелер, сонымен қатар шешім қабылдауға жауапты адамдарды қазақстандықтарға білудің керегі жоқ деп есептейтін сияқты.

Дегенмен егеменді қордың барынша ашық болуы өз міндеттемелерін адал атқаратын үкіметтің позициясын нығайта түседі. Тактикалық тұрғыдан алғанда, жалпы жариялылық сенім дағдарысы кезіндегі биліктің позициясын жақсартуға мүмкіндік береді. «ҚазМұнайГаз» акцияларын сатып алу мәмілесі жасалғаннан кейін, қорды басқару сапасына қатысты сұрақ көбейді. Үкімет ҚМГ бағалы қағаздарының жақсы инвестиция екенін қазақстандықтардың болашақ ұрпағы үшін олардан жақсы табыс тауып жатқанын көрсету арқылы ғана дәлелдей алады.   

Қор туралы жалпы хабардар болудың  артуы да билік үшін пайдалы. Біріншіден, жариялылық пен ашықтық жалған ақпараттың таралу қаупін азайтады және басқарушыларға  деген сенімді нығайтады. Оның ішінде елдің саяси басшылығы тарапынан да сенім күшейеді. Екіншіден, Қазақстан билігі бұрыннан бері саналы тұтыну және жинақтау тәртібін ынталандыру тақырыбын енгізуді тұрақты түрде айтып келеді. Қазақстан Үкіметінің қаражатты қалай сақтайтыны (тек жұмсау ғана емес) туралы материалдарды жариялап және кеңінен тарату, қарапайым азаматтардың да жақсы үлгі алуға ынталандырады.

Сондай-ақ оқыңыз