Мұғалімдер теріс фактілерді жариялаудан және мектепке жедел жәрдем шақырудан қорықпауы керек – Оқу-ағарту министрлігі

Жарияланды (жаңартылды )
primeminister.kz

Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан мектеп әкімшілігінің оқушылардың жарақат алу фактісін жасыруына және мектепке жедел жәрдем шақырмауына қатысты пікір білдірді.
Сенаттың жалпы отырысынан кейінгі кулуарда журналистер вице-министрден Павлодарда 8-сынып оқушысының жүктілігін жариялағаны үшін қудаланған мұғалімдер мен қарағандылық ұстаздардың медициналық көмек көрсетпей, басы жарылған күйде үйіне қайтарған оқушы қызға қатысты сұрақ қойды.

Оқу-ағарту министрінің орынбасары журналистердің: «Мұғалімдер мептептегі теріс фактілерді жұмыстан шығып қалудан қорыққандықтан жарияламай ма?» – деген сұрағына:

«Адамдарға, әсіресе, балаларға көмектесуден қорықпау керек, сондықтан біз барлық білім беру мен денсаулық сақтау саласының қызметкері және қала тұрғынына жарақат алған баланы көргенде жедел жәрдем шақырудан қорықпауға шақырамыз», – деп жауап берді.

Еділ Оспан заңға қайшы әрекет етпеген мұғалімге мектеп ішіндегі теріс фактілерді жариялағаны үшін жаза қолданылмайтынын жариялады.

«Егер заңбұзушылық болмаса, ешкім ешкімді жазаламайды, бірақ заң бұзушылық анықталса, оны жасыру мүмкін емес. Сондықтан біз барша азаматтарды мұндай фактілерді жасыруға емес, керісінше болдырмауға атсалысуға шақырамыз», – деді вице-министр.

Журналистер Оқу-ағарту министрінің орынбасарына мектеп оқушысының жүкті екенін жариялаған павлодарлық мұғалімдерге қысым жасалғанын жеткізді.


«Бұл мерзімінен бұрын қабылданған асығыс шешім. Министрлік кез келген істі жан-жақты зерттеп, мән-жайды түсініп, содан кейін ғана нақты шешім қабылдау ұстанымын жақтайды. Білім саласы қызметкерінің кінәсі болса, заңмен жазалануы керек. Осы жолғы шешімді білім басқармасы қабылдады», – деді Еділ Оспан.

Айта кетейік, Білім басқармасы сегізінші сынып оқушысының жүкті болғаны үшін мектеп директорына, оның орынбасары мен ауыл мектебінің сынып жетекшісіне қатаң сөгіс жариялады. Мұғалімдерге тәрбие жұмысын дұрыс жүргізбеді деген айып тағылды. Кейін заңсыз салынған тәртіптік жаза алынып тасталды.

Вице-министр мұғалімдер мұндай фактілерді жариялаудан қорықпауы керек екенін айтты

«Қорқуға болмайды. Қалай болғанда да, қорықпайды деп ойлаймын», – деді Еділ Оспан.
Оқу-ағарту вице-министрі басы жарылған күйде үйіне қайтарылған қарағандылық оқушы қызға қатысты да мәлімдеме жасады.

«Иә, мұндай фактілер болып тұрады, ең бастысы үнсіздік орнамайды, шара қабылданады. Бұл факті бойынша әкімшілік іс қозғалды, қателеспесем, мектеп қызметкерлеріне және осы іске қатысы бар басқа тұлғаларға шара қолданылуда», – деді Еділ Оспан.

Журналистер вице-министрден мектеп әкімшілігі жарақат алған балаларға жедел жәрдем шақыруға неге қорқатыны туралы сауал қойды.

«Балалардың құқықтарын қорғау комитеті барлық оқиғаларға қатысты жүйелі шара қабылдауы керек», – деп жауап берді тілшілерге Оқу-ағарту вице-министрі.

Сондай-ақ оқыңыз