Жаңалықтар

Ресейден Қазақстанға жеткізілетін мұнай декларацияланбайды: Сенат арнайы заңды ратификациялады

мұнай өнімдерін
Ресейден келетін мұнай өнімдерін Қазақстанға жетізуге қатысты келісімге өзгеріс енгізіледі / Фото: kursiv.media

Сенат Ресейдің мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы Келісімге енгізілетін өзгерістер туралы заңды ратификациялады. Оған сәйкес, ресейлік мұнайдың уақытша мерзімдік кедендік декларациясының күші жойылады.

Бұл заң Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасына мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге енгізілетін өзгерістерді заңды негізде рәсімдеу үшін әзірленген.

«Келісімге сәйкес Кеден одағының сыртқы экономикалық қызметінің бірыңғай Тауар номенклатурасының 27-тобында сыныпталатын, 2014 жылғы 1 қаңтардан бастап Ресей Федерациясынан Қазақстан Республикасына әкетілетін мұнай және мұнай өнімдері, есепке алу мақсатында олар Ресей Федерациясында Кеден одағының кедендік аумағынан тыс жерлерге әкетілгендей кедендік декларациялауға жатады», – деді Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы, депутат Сүйіндік Алдашев.

Хаттамада Ресей Федерациясынан Қазақстан Республикасына жеткізілетін мұнай өнімдеріне қатысты уақытша мерзімді кедендік декларациялаудың күшін жою бөлігінде Келісімнің 3-бабына өзгеріс енгізу көзделеді. Бұл өзгеріс екі тәсілмен әкетілетін мұнай мен мұнай өнімдеріне қолданылмайды:

  • біріншіден, керек-жарақ ретінде әкету. Өйткені керек-жарақтарды декларациялау Көлік құралдарын кедендік декларациялаумен жүзеге асырылады;
  • екіншіден, 2022-2024 жылдары құбыр арқылы әкету. Себебі бұл мәселе екіжақты келісіммен реттеледі.

Сенатор Бауыржан Қаниев бұл заң қазақстандық кәсіпкерлерге баға белгілеу және жеткізу мерзімдері бөлігінде өз мүдделерін ескере отырып, мұнайды еркін сатып алуға мүмкіндік беретінін айтады.

«Өздеріңіз білетіндей, Қазақстан айқындалған квоталар шеңберінде автобензин, авиаотын, дизель отыны және тағы басқа ресейлік мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін импорттайды. Осыған байланысты уақытша мерзімді декларациялауды қолдану, бір жағынан, Ресейде бөлінген квотаның барлық көлемін сақтайтын монополист экспорттаушының пайда болуына әкелді, ал екінші жағынан, қазақстандық кәсіпкерлерді ресейлік мұнай өнімдерін жеткізушілерді немесе сатушыларды таңдауда шектеді. Осыған байланысты, қаралып отырған заңда Келісімнің 3-бабына Ресейден Қазақстанға әкетілетін мұнай мен мұнай өнімдеріне қатысты уақытша мерзімді декларациялаудың күшін жою бөлігінде өзгеріс енгізіледі»,  – дейді депутат.

Құжат парламентте ратификацияланған соң қол қою үшін президентке жолданады.

Еске сала кетсек, Қазақстан Ресеймен өзінің сұйытылған мұнай газын жеткізу туралы келісімге келді. Ол келісімге сәйкес Орынбордан жылына шамамен 90 мың тонна сұйытылған мұнай газы жеткізіледі. Ресеймен жасалған келісім бір жыл күшін сақтайды. Одан кейінгі жағдай Қазақстанның ішкі нарығындағы газ тапшылығына байланысты болады.