Жаңалықтар

Смайылов жер телімін пайдалануға беру туралы – бұл процесті тежейтіндерді жұмыстан шығарамыз

жер телімін
Жер телімін пайдалануға берудегі мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі 1 жылдан 30 күнге дейін қысқарды / Фото: Үкімет үйі

Премьер министр Әлихан Смайылов Цифрландыру мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысыда жер телімін беру мерзімдерін кешікітірген басшыларды жұмыстан шығаратынын айтты.

Мәселе жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрына (ЖБМК) қатысты болды. Оған сәйкес бос жер телімдері жедел әрі ашық түрде бөлініп, пайдалануға берілуі керек. Алайда бүгінгі таңда республиканың жер қоры туралы ақпаратқа азаматтардың толық қол жеткізуі дұрыс қамтамасыз етілмеген және жер телімдерін беру процесі тым ұзақ. Мәселен, жер телімін беруге қатысты қызмет көрсету мерзімі 1 жылға дейін созылатын.

Енді жаңа тәсіл енгізіліп жатыр. Оған сәйкес жер таңдау, өтінім беру мен тіркеуден бастап жер телімдерін берудің бүкіл процесі электронды форматқа көшірілді. Ондағы барлық бизнес-процесс толығымен қайта қаралып, қажетті қадамдар саны бірнеше есеге азайған. Нәтижесінде мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі 1 жылдан 30 күнге дейін қысқарған.

«Цифрландыру – сыбайлас жемқорлықты азайтуға және қате деректер көлемін қысқартуға, сәйкес келмейтін координаттар бойынша жер телімдерін беру фактілерін жоюға бағытталған. Бұл мәселелердің барлығы цифрландыру нәтижесінде шешілуі тиіс», – деді Үкімет басшысы.

Сонымен бірге талдау барысында әкімдіктер жүктеген цифрлық деректердің барлығы талапқа сай келмейтіні анықталған. Қолданыстағы бас жоспар мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларында (ЕЖЖ) бірізділік жоқ. Платформада өтінімдер уақтылы қаралмаған және негізсіз жер беруден бас тарту фактілері де анықталған. Смайылов бұл мәселені жіті қадағалайтынын, қажет болса жұмыстан шығаратынын айтты.

«Біз әр өңірдегі жағдайды жан-жақты қараймыз. Егер жаңа жылдан бастап адамдарға рұқсат беру тұрып қалатын болса, өңірлердегі тиісті жауапты тұлғаларды жұмыстан босатуға дейін жауапқа тартамыз. Біз аталған мемлекеттік қызметті ашық қылып, цифрландырғымыз келеді, ал бас жоспарлар мен ЕЖЖ қазіргі мәліметтерге сәйкес келмейді. Сондықтан көп жағдайда автоматты түрде рұқсат берілмей жатады. Бірақ біз кері шегінбейтінімізді ерекше атап өткім келеді. Бәрібір алға жүреміз. Бұл процесті тежейтіндерді жұмыстан шығарамыз. Олардың орнына өз қызметін лайықты атқаруға бел буған адамдарды қою керек»,  – деді ол.

Премьер-Министр цифрландырудың экономиканы одан әрі дамытуда үлкен рөл атқаратынын айтып, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап тиісті мемлекеттік қызметтерді тек цифрлық форматта сапалы түрде көрсету үшін барлық кемшілікті қысқа мерзімде жоюды тапсырды.

Отырыста Су ресурстарын басқару жөніндегі бірыңғай ақпараттық-талдау жүйесін әзірлеу мәселелері де қаралды. Смайылов бұл платформаны 2024 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін пилоттық режимде іске қосуды, одан әрі қыркүйек айында коммерциялық пайдалануға беруге міндеттеді.

«Бізде уақыт аз. Елімізде су ресурстарының шығыны үлкен. Ал цифрландыру – суды үнемдеудің және ресурстарды тиімдірек басқарудың нақты жұмыс істейтін тетіктерінің бірі. Сондықтан біз бұл платформаны іске қосуды және жалпы су саласын цифрландыру жұмыстарын жеделдетуіміз керек», – деді прмеьер-министр.

Еске сала кетсек, қыркүйекте өткен жиында премьер-министр Инвестиция тарту бойынша жылдық жоспар небәрі 52%-ға орындалғанын айтып, мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің жұмысын сынға алған болатын. Онда Үкімет басшысы Ұлытау әкімі Берік Әбдіғалиұлынан жұмысқа деген көзқарасын дұрыстауды сұраған.