Қазақстандық кәсіпкер Тимур Құлыбаевқа тиесілі компания «Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» аумағына салған үйді бұзатын болды. Мұндай шешімді Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы қабылдады.
Сот материалдарына сәйкес, 2018 жылдың 13 қарашасында «Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» республикалық мемлекеттік мекемесі мен «Кипрос» ЖШС арасында 2062 жылдың 22 қазанына дейінгі уақытқа «Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында туристік кешен салу» түрінде туристік және рекреациялық қызметті жүзеге асыру үшін учаскені ұзақ мерзімді пайдалану шарты жасалған.
Келісімшартқа сәйкес ауданы 1.1 га жер учаскесі компанияға жалға берілген. Жер учаскесінде «Южная» туристік базасы салынған. Шартқа сәйкес, компания ол жерде туристерді қабылдау және демалуына жағдай жасау түрінде қызмет көрсетуі керек.
Ұлттық табиғи паркі сотқа жүгініп, РММ мен ЖШС арасындағы келісімді бұзуды; 1,1 гектар жерді қайтаруды; «Кипрос» ЖШС өз қаражатына қонақ қабылдайтын үйді бұзуын сұрады.
Талапкер ерекше қорғалатын аумақ туралы қолданыстағы заңнаманың талаптары, сондай-ақ жер учаскесін жалға алудың шарт талаптары сақталмай отырғанын, жер учаскесінде жеке пайдалануға арналған коттедж орналасқанына сүйенген.
Ұлттық парк қызметкерлері туристердің келуіне қатысты тексеріс жүргізген. Алайда ол уақытта кешен жұмыс істемей тұрған. Тіпті ол аумақта жауапкердің өкілі де болмаған. Ал күзет туристік кешен аумағына кіргізбеген.
«Талапкер жауапкердің туристерді қабылдауға және оларға шартта көрсетілгендей тиісті қызметтер көрсетуге мүдделі емес екенін және туристік кешенді жеке мақсатта пайдаланатынын көрсеткен», делінген сот материалдарында.
Көшпелі сот отырысы кезінде жауапкерге берілген жер учаскесінің аумағында жөндеуден өткен екі қабатты үй орналасқаны анықталды. Үйде бассейн мен сауна бар. Нысанның туристерге қызмет көрсетпейтіні анықталған. Сондай-ақ үшінші тарап бұл үйдің Біріккен Араб Әмірліктерінен келген шетелдік туристерге немесе басқа шетелдік туристерге берілетінін айтқан.
Сот шешімімен «Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» республикалық мемлекеттік мекемесінің талап арызы қанағаттандырылды. Соған сәйкес, РММ мен «Кипрос» ЖШС арасындағы 2018 жылдың 13 қарашадағы келісімінің күші жойылды. «Кипрос» компаниясы ұлттық парк аумағындағы жерді қайтарып, өз қаражатына коттеджді бұзады.
1994 жылдың 13 қазанында тіркелген «Кипрос» ЖШС құрылтайшысы Тимур Құлыбаев. Тимур Құлыбаев – Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы. Сондай-ақ Қазақстанның ең бақуатты азаматтарына тізіміне кіреді.