Жаңалықтар

Базалық мөлшерлеме 2024 жылы қалай өзгеруі мүмкін?

2024 жылы базалық мөлшерлеме қандай болмақ? / Shutterstock

Қаржы нарығының өкілдері Ұлттық банк қаңтар айында базалық мөлшерлеме мәнін одан әрі төмендетеді деген болжам жасайды.

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы жүргізген сауалнамаға сәйкес, қаржы нарығы өкілдерінің басым бөлігі (76%) реттеуші 2024 жылы ақша-несие саясатына байланысты бірінші отырысында базалық мөлшерлемені тағы да төмендетеді деген пікірде.

Сонымен қатар сауалнамаға қатысқандардың 69%-ы мөлшерлеме 25 базистік тармаққа азайып, 15,5%-ға дейін төмендейді десе, қалғандары бірден 50 базистік тармақ қысқарып 15,25%- құрайтынына сенімді.

24 қарашада Ұлттық банк базалық мөлшерлемені жылдық 15,75%-ға дейін төмендеткен еді.

Базалық мөлшерлемеден бөлек, сарапшылар мұнай бағасы, доллар бағамы, инфляция және ЖІӨ туралы пікір білдірген.

Қаржыгерлер 2024 жылдың қаңтарында теңге 2 пайыз құнсызданып, 1 доллар шамамен 8 теңгеге қымбаттап, 167 теңгені құрайды деп есептейді. Оған құбылмалы мұнай бағасы, шетел валютасына сұраныстың артуы, сондай-ақ желтоқсанда Ұлттық қор қаражатын айырбастау көлемінің төмендеуі ( $1,3 млрдтан – $600-700 млн дейін) ықпал етпек.

Негізгі тұтынушы елдер (АҚШ, Қытай, ЕО) экономикасы, әлемдік шикізат нарығының жағдайын ескере отырып, мұнай бағасына байланысты болжам да нашарлаған. Жыл басында мұнай баррелі 86,4 долларға саудалануы ықтимал. 2024 жылы ОПЕК+ елдері мұнай нарығын тұрақтандыруға тырысқанымен, профицит орын алуы мүмкін.

Қазақстанда мұнай өндірісінің қысқаруы (2024 жылдың 1 тоқсанында тәулігіне 78-ден 160 мың баррельге дейін) елдің экономикалық өсіміне кері әсер етуі ықтимал: сауалнамаға қатысқан сарапшылар 2024 жылы жалпы ішкі өнім өсімі 4 пайызды құрауы мүмкін дейді. Айта кетейік, ел экомикасының 2024-2028 жылдары даму болжамында ол 4,3 пайыз деңгейінге бекітілген.