«Қытай Қазақстанға екі себеппен қызығады». Сарапшылар Қазақстан – Қытай ынтымақтастығының жаңа деңгейі туралы не айтады?

Жарияланды (жаңартылды )

Фото: shutterstock.com

Қазақстан мен Қытай өзара сауда-саттық айналымын 100 млрд долларға дейін жеткізуге ниетті. Бұл – жеті жылдан кейін жетуге тиіс міндет. Биылғы деңгейіміз 25 млрд доллардың маңайында. Қазір ауыл шаруашылығы, мұнай-газ, өңдеуші өнеркәсіп салаларында қытайлық инвесторлар келе бастады. Ал Қазақстан өз тарапынан дәстүрлі шикізат экспорттаушылық позициясын күшейте түсуге ынталы. Мәселен, бірер күн бұрын ғана Энергетика министрлігі Қытайға мұнай мен газ экспортын күшейтетінін мәлімдеді.

Жалпы, қос тарап арасындағы байланыс бұрын-соңды болмаған ынтымақтастық аясында дамып келе жатыр. Әсіресе, пандемиядан бері. Дүниежүзін жайлаған дерттің беті қайтысымен ҚХР төрағасының ең бірінші Қазақстанға сапарлауы да тегін болмаса керек-ті. Қытайтанушы Әділ Кәукеновтың айтуынша, әлемнің екінші экономикасының игілігін өз пайдамызға жарата білуіміз керек.

«Қытай – экономикасы және технологиясы қуатты сауда серіктес ел, тиісінше өзара бірлескен жобаларымыз баршылық. Қазірдің өзінде қазақстандық бидай, ет, балық өндірушілер Қытай нарығындағы белсенділігін арттыруға ниетті. Сонымен қатар «Бір белдеу – Бір жол» аясында атқарылған жобалар еңбек нарығына да әсерін тигізіп үлгерді. Бұған еліміздің транспорттық-логистикалық орналасуы да жақсы мүмкіндік беріп тұр. Қазір бізде «халықаралық логист» деген мамандық пайда болды. Қазір Қазақстан халықаралық нарықта көрсетіп отырған қызметтердің 30-40 пайыздан астамы халықаралық логистикамен байланысты. Көптеген аралас мамандық пайда болды», – дейді маман.

Оның айтуынша, Қытай Қазақстан үшін тек өзінің ауқымды нарығын ғана емес, сонымен бірге Шығыс Азия нарығын да ашып берді.

«Қазақстанның Ляньюньган портында терминалы бар және «Бір белдеу – бір жол» жобасын тек Қытайдан Еуропа бағытында ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның өзінен және Орталық Азиядан Шығыс Азия бағытында белсенді қолданады. Оңтүстік Кореямен, Вьетнаммен, Жапониямен байланыстарымыз осылай нығайып келеді. Қазір Вьетнаммен визасыз режим туралы әңгіме жүріп жатыр, осы елмен сауда-саттық байланысы белсенді өсуде. Не есебінен? Біз Қытайдың теміржол желісін қолданамыз, ол оның оңтүстік қақпасына дейін созылып, Вьетнамға дейін жетеді. Сондықтан Қытаймен қарым-қатынасты дамыту – Қазақстан үшін үлкен бағыт»,– дейді Әділ Кәукенов.

Экономист Жақсыбек Құлекеевтің сөзінше, Қытай тарапынан айырықша сұраныста болатын өнімдерді өндіруге баса көңіл бөлгеніміз абзал.

«Қытайдың фитосанитарлық талаптары өте жоғары. Ол жаққа сырттан зат кіргізу өте қиын. Олардың талаптарына сәйкес өнім шығару да оңай емес. Дегенмен соңғы жылдары Қазақстанда рапс өндіру өте жақсы қарқынмен дамып келе жатыр. Қазақстанның табиғи-экологиялық жағдайы рапс өндіруге өте қолайлы. Жалпы, Қытай бізден көп өнім алуға дайын. Ет өнімдерін, астық алып жатыр. Қытайдың мемлекеттік ұстанымы – көрші елдердің барлығымен бейбіт қарым-қатынас орнатып, сауда-экономикалық байланыстарды арттыру. Ол үшін сауда-саттық жасаудың инфрақұрылымын жетілдіру керек. «Бір белдеу – Бір жол» аясында көршілес елдердің барлығымен сауда-экономикалық байланыстарды нығайту мақсатында бірқатар маңызды жобаларды жүзеге асырып жатыр», – дейді экономист.

Қытайтанушы Ерзар Кәрібайдың пікірінше, Қытай – әлемдегі ең ірі өндіріс ошағы. 2015 жылы әлемдік өндірістің 33 пайызынан артығын Қытай орындаған екен. Сарапшы бұл ел Қазақстанға екі себеппен ерекше қызығады деп отыр.

«Олар өндірген тауарларын сыртқа сатады. Африка елдерінен шикізат алдырады. Мұның бәрі теңіз жолы арқылы жүзеге асқан. Әлемдік сауда айналымы 16 трлн доллар болса, соның ішінде Оңтүстік Қытай теңізі арқылы жасалатын сауда көлемі 4,6 трлн долларды құраған. Жыл өткен сайын Қытай экономикасының ұлғаюы Америка сияқты елдерге ұнамады, тиісінше Оңтүстік теңіздің маңында Филиппин секілді елдермен бірлескен әскери одақтар құру іске аса бастады. Соған байланысты теңіз жолымен тасымал жасауда біршама қиындықтар туындады. Сөйтіп, Қытай құрлық арқылы тауар тасымалдауға белсене кірісті. Бұл тұрғыда Қазақстанға екі түрлі қызығушылығы бар. Біріншісі – Қазақстан қазба байлық жөнінен әлемде алтыншы орында тұрған мемлекет. Ал Қытайға қазір мұнай да, газ да, басқа да жер асты байлықтары шикізат ретінде аса қатты қажет. Екіншісі – Қазақстан Еуразия елдеріне өтетін дәліз болып тұр. Сол үшін де олар Қазақстанмен тығыз қарым-қатынас орнатуға мүдделі», – дейді сарапшы.

Әлемдік экономика және саясат институтының эксперті Ерсұлтан Жансейітов Қытай Қазақстанның транспорттық-логистикалық мүмкіндігіне, әсіресе, Транскаспий дәлізіне қызығушылық танытатынын айтады.

«Ресей мен Қытай арасындағы тауарлардың басым бөлігі Қазақстан арқылы өтеді. Сөйтіп, үш мемлекет өте маңызды транзиттік серіктеске айналды. Қазір Солтүстік дәлізіне ерекше мән беріліп отыр. Яғни Қытайдан Қазақстанға, содан кейін Ресейге, әрі қарай Еуропа елдеріне. Сонымен қатар қазір біз үшін Транскаспий дәлізі ерекше маңызды бағытқа айналды. Ол үшін ауқымды инвестиция қажет екені де белгілі. Егер Қытай оған инвестиция салса, бұл Қазақстан үшін тиімді болар еді. Қытай қазіргі уақытта көмір тұтынуды азайтып, «жасыл экономикаға» басымдық беруде. Бұл тұрғыда атом энергетикасына көбірек көңіл бөлінеді. Сол себепті, атом энергетикасы үшін басты ресурс – уранға деген сұраныс ұлғаяды. Қазақстан Қытайға негізінен мұнай, ал Түркіменстан газ жеткізіп отыр. Мұнайдан басқа, сирек металдарды да жіберуге болады. Қазақстанда олардың үлкен қоры бар. Сирек металдар күн панелдерін, жел электростанцияларын салуда қолданылады», – дейді ол.

Белгілі экономист Алмас Чукин Қазақстан үшін Қытайдың мүмкіндігін «мүмкіндіктер мұхиты» деген теңеумен бағалайды.

«Біздің теңізге тіке шығар жолымыздың жоқтығы бүкіл проблемаларымыздың бастауы дейтін теорияның жақтаушылары бар. Керемет нарығы бар әлемнің екінші ірі экономикасы Алматыдан 300 шақырым жерде тұрғанда теңізге тіке жолдың не қажеті бар деймін мен оларға. Қытаймен достасу және саудаласу керек. Мысалы, бізде тапшы автокөліктерді экспорттау бойынша әлемде қай ел екінші орында тұрғанын ешқашан болжай алмайсыз. Ол – Қытай. 2022 жылдың қорытындысы бойынша ол Кореядан озып кетті, тек Жапонияға жол беріп тұр. Аталған экспорттың басым бөлігі – Қытай зауыттарында өндірілген батыстық брендтер»,– дейді экономист.

Қытайды зерттеу қауымдастығының төрағасы Қазбек Майгелдинов те Қазақстанның географиялық орналасуы Қытай мен Еуропа арасында көпір болуға мүмкіндік береді деп санайды.

«Теміржолды дамыту қытайлық тауарлардың Ресейге және Еуропаға жол тартуына жағдай жасайды. Әрі осыны пайдаланып Қазақстан өзінің де транспорттық потенциалын арттырып алады», – дейді.

Экономикалық зерттеулер институтының жетекші сарапшысы Темірлан Хабрахмановтың пікірінше, «Бір белдеу – бір жол» жүзеге асқан он жыл ішінде Қытайдың Орталық Азия елдерімен сауда-экономикалық байланысы айтарлықтай нәтижеге жетті, Қытайдың бес елмен сауда қатынасы 55,5 пайызға (2014 жылдан бері) артып, тауар айналымы көлемі 70,2 млрд доллар болды.

Сарапшы белгілеген негізгі экономикалық көрсеткіштер мыналар:

  • 2023 жылдың наурызындағы жағдай бойынша Қытайдың Орталық Азия елдеріне салған тікелей инвестициясы 15 млрд долларға жетті. Аталған қаражат негізінен: мұнай және газ өндірісі, қайта өңдеу және барлау; байланыс және цифрлы технологиялар саласына салынған.
  • Қытайдың ОА-дағы аяқталған инвестициялық жобалары бойынша айналымы 63,9 млрд доллар болды.
  • 2022 жылдың соңында Қытай даму банкі 1,43 млрд доллар көлемінде арнайы кредит ұсынды және ОА-дағы 134 жобаны қолдады. Аталған қаражат экономика, сауда, инвестиция, транспорт, ауыл шаруашылығы, энергетика, инфрақұрылым салаларын қамтыды.

«Қазір Қытай мен бес мемлекет арасындағы ынтымақтастық электронды коммерция, цифрлы экономика және жасыл экономика сияқты жаңа салаларда да өрістеп келе жатыр. ҚХР Ұлттық статистика бюросының дерегі бойынша, 2022 жылы екі тарап арасындағы трансшекаралық электронды сауда алдыңғы жылдармен салыстырғанда 95 пайызға артқан. Бұл ретте Орталық Азиядағы 300 кәсіпорын өз өнімдерін қытайлық электронды коммерция платформаларында саудалаған. China State Railway Group Co., Ltd. дерегі бойынша Қытай – Еуропа бағытындағы жүк пойыздарының рейсі 2023 жылдың қаңтар-маусымы аралығында 16 пайызға, 8641 рейске дейін ұлғайған. Жүк пойыздары 20 фут эквиваленттікте 936 мың тауар бірлігін тасымалдады. Пайдалануға берілген 2011 жылдан бері 2022 жылдың соңына дейінгі аралықта Қытай – Еуропа теміржолы арқылы 65 мың жүк пойызы жүріп өтті. Соның 80 пайызы Орталық Азия елдерін басып өткен»,– дейді жетекші сарапшы.

Қытай – Орталық Азия – Батыс Азия экономикалық дәлізі аясында ұзындығы 355 шақырым болатын Тәжікстан – Өзбекстан автомагистралі және ұзындығы 959 шақырым болатын Қытай – Қырғызстан – Өзбекстан автомагистралі салынды. Көршілес елдердің мұндай белсенді тәжірибесі өз кезегінде Қазақстанға да ой салуы тиіс. Мұны біздің мемлекет те қалт жіберген жоқ. Жақын аралықта Қытаймен өзара сауда байланысын күшейтуге бағытталатын транзиттік тасымал бағыттарының саны артпақ.

Сондай-ақ оқыңыз