Инвесторлар жіберетін 20 қателік

Жарияланды (жаңартылды )

Фото: shutterstock.com

Инвестиция әлеміндегі әрбір қадам тәуекелге толы. Десе де табыс табудың да ықтималдылығы жоғары. Бірақ 100-ді былай қойғанда, 70-80 пайыздық кепілдікті де ешкім бере алмайды. Себебі ешкім қателіктен сақтандырылмаған. Тіпті білікті деген инвестордың өзі қор нарығында шалыс басуы мүмкін.

Инвестициялық оқыту, этикалық кодекс және сертификаттау бағдарламалары саласындағы халықаралық ұйым CFA Institute инвесторлар жіберетін және олар мән беруге тиіс 20 қателікті атап көрсетіпті.

  1. Шектен тыс күтіп қалу.

Шамадан тыс үміттенуге берілмей, процеске салқынқанды қарау инвестордың ұзақ мерзімді перспективада қарай алуына мүмкіндік береді.

  1. Инвестициялық мақсаттың болмауы.

Инвесторлар көп жағдайда қысқа мерзімдері кірістерге арқа сүйейді. Биржаны тезірек пайдаға кенелетін орта ретінде қарастырады. Алайда инвестиция әлемі ондай орта емес. Мұнда ұзақ мерзімді стратегияның мәні тереңірек. Инвестиция әліппесінің де айтары сол, инвестиция – тез пайда табатын емес, пайданы еселеуге келгенде тиімді жұмыс істейтін құрал. Инвесторлардың 59 пайызы басты мақсаттары ұзақ мерзімді өсім екенін мәлімдеген.

  1. Әртараптандырудың болмауы.

Портфелді әртараптандырып отыру өте маңызды. Өйткені саласы бір немесе ұқсас компаниялардың акциясын сатып алудың тәуекелі жоғары. Әртараптанған жағдайда бір акцияның құлдырауы портфелге айтарлықтай зиянын тигізе алмайды.

  1. Қысқа мерзімді перспективаға мән беру.

Қысқа мерзімді перспективаға бейімделу өте оңай, бірақ бұл инвесторлардың өзінің бастапқы стратегиясын қайта қарап, бұрыс шешімдер қабылдауға мәжбүр етуі мүмкін.

  1. Қымбатқа сатып алып, арзанға сату.

Нарықтың құбылуы кезіндегі инвесторлардың тәртібі портфелдің жалпы нәтижесін төмендетіп жібереді.

  1. Жиі сауда жасау.

Арнайы зерттеу көрсеткендей, мейлінше белсенді трейдерлер АҚШ қор нарығында жылына 6,5 пайызға ұтылып отырған.

  1. Тым көп комиссия беру.

Комиссиялық алымдар сіздің инвестицияңыздың жалпы тиімділігіне айтарлықтай әсерін тигізуі мүмкін. Әсіресе, ұзақ мерзімді перспективада.

  1. Салыққа ерекше назар аудару.

Салық шығындарын жинау кірісті арттыруы мүмкін болса да, тек оның салықтық салдары негізінде шешім қабылдау әрдайым ақтала бермейді.

  1. Тұрақты тексерістің жоқтығы.

Өзіңіздің инвестициялық портфеліңізді тоқсан сайын немесе жыл сайын тексеріп отыру сіздің қаншалықты түзу жолда келе жатқаныңызды, сондай-ақ портфелге тепе-теңдік қажет не қажет емес екенін көрсетіп береді.

  1. Тәуекелді түсінбеу

Тым жоғары тәуекел сізді жайлы аймақтан шығарып тастауы мүмкін. Бірақ тәуекелдің тым аз болуы да кірістіліктің азаюына, сөйтіп көздеген қаржылық мақсатыңызға жеткізбей тастауға әкеліп соқтыруы ықтимал. Сондықтан әркез қолайлы тепе-теңдік қалыптастыруға тырысыңыз.

  1. Өз нәтижесін білмеу.

Инвесторлар көп жағдайда өз инвестициясының тиімділігін біле бермейді. Кірісіңізге қарап, комиссиялық алымдар мен инфляцияны есептегенде өзіңіздің инвестициялық мақсатыңызға қаншалықты иек артқаныңызды бағамдай аласыз.

  1. Бұқаралық ақпарат құралдарына реакция.

Жағымсыз жаңалықтар қысқа мерзімді кезеңде қорқыныш тудыруы мүмкін. Бірақ сіз, мейлінше, ұзақ мерзімге, ауқымды жоспармен қараудың дұрыс екенін қаперден шығармаңыз.

  1. Инфляция туралы ұмыту.

АҚШ-тағы тарихи инфляция жылына орташа 4 пайыз болды. Бір жылдан кейін мұндай инфляция жағдайында 100 доллар 96 долларға, ал 20 жылдан соң 44 долларға айналады.

  1. Нарыққа шығатын уақытты есептеу.

Нарыққа шығатын ыңғайлы уақытты табу өте қиын. Нарықта болу нарыққа шығу уақытын дәл есептеу әрекеттерімен салыстырғанда әлдеқайда жоғары пайда әкеледі.

  1. Тиісті тексеріс.

Олардың еңбек кітапшасы мен шағымдары сақталатын BrokerCheck секілді сайттардағы сіздің консультанттарыңыздың есептік деректерін тексеріңіз. Қазақстанда брокердің қаншалықты сенімді екенін Қаржы нарығын дамыту және реттеу агенттігінің немесе «Астана» халықаралық қаржы орталығының реестрін қарап тексересіз. Яғни, онда тиісті лицензия бар-жоқ екенін анықтайсыз.

  1. Қолайсыз консультантпен жұмыс.

Қолайлы консультантты іздеуге уақыт жұмсау – шығын емес. Өз консультантыңызды мұқият зерттеп, мақсаттарыңызға сай келетінін анықтау керек.

  1. Эмоция кезіндегі инвестиция.

Қанша жерден қиын болса да нарықтың құбылуы сәтінде рационалды болып қалуға тырысыңыз. Инвесторлардың көбі эмоцианалды шешімдер салдарынан табысының басым бөлігін жоғалтып жатады. Бұған мысал ретінде Ресей мен Украина арасында соғыс өрті тұтанған – 2022 жылдың қаңтарын айта аламыз. Осы кезде валюта нарығында қатты құбылу туындап, сарапшылар айырбастау бекеттеріне салып ұрып жүгірмеуге кеңес берген еді.

  1. Кірістіліктің ізінен қуу.

Өтімділігі жоғары құралдар мен акциялардың қашанда тәуекелі жоғары. Кез келген актив түріне инвестиция құймас бұрын, өзіңіздің тәуекел-портфеліңізді ықтияттап бағалаңыз.

  1. Мейлінше ерте қимылдау.

Ойлаңыз, екі адам ай сайын 200 доллардан жылдық 7 пайыз кірістілікпен жастары 65-ке дейін жеткенше инвестициялайды. Егер бір адам инвестициялауды 25 жасында бастаған болса, оның қорытынды портфелі 520 мың долларды құраушы еді, ал басқасы 35 жасында бастаса оның жалпы сомасы 245 мың долларға жуықтайды.

  1. Бақылауға болатын нәрсені бақылаудың болмауы.

Нарықты ешкім болжай алмаса да, инвесторлар уақыт өте келе шағын инвестицияларды бақылай алады, бұл айтарлықтай нәтижелерге әкелуі мүмкін.

Әртараптандыру саясатыныңы дұрыс болмауы үлкен тәуекелге әкеліп соқтыруы ғажап емес. Белгілі бір позицияға ұзақ уақыт байлану баға құбылуы кезінде сіздің портфеліңіздің құнына түбегейлі әсер ете алады.

Кей зерттеушілердің айтуынша, дұрыс әртараптандыру деп бағалау үшін портфелде кемі 15 акция болуы керек. Сонда сіз кез келген тәуекелден барынша қорғана аласыз. Айта кету керек, бір өлшем бәріне бірдей сәйкес келмейді және қаржылық кеңес алу сіздің қаржылық мақсаттарыңызға сәйкес дұрыс балансты табуға көмектеседі.

Жалпы алғанда, комиссиялық алымдар мен инфляцияны ескере отырып, нарықтық жағдайлар өзгерген сайын инвестицияларыңызды үнемі мұқият қадағалап отыру маңызды. Бұл сіздің инвестицияңыздың дұрыс бағытта жүріп жатқанын немесе өзгеретін жеке жағдайларға немесе басқа факторларға байланысты түзетулер енгізу қажет екенін білуге мүмкіндік береді.

Қателіктерге бой алдырмау үшін инвесторлар ұтымды болып, ұзақ мерзімді мақсаттарына назар аудару қажеттілігін түсінуі тиіс.

Салмақты портфельді қалыптастыру көбінесе келесі факторларды бағалауды қамтиды:

• Қаржылық мақсат
• Қазіргі табыс
• Шығындарға қатысты әдет
• Нарық конъюнктурасы
• Күтілетін кірістілік

Осы факторларды ескере отырып, инвесторлар нарықтың қысқа мерзімді ауытқуларына тоқталмауы керек және өздерінің не істей алатынын бақылауға тырысуы керек. Ұзақ мерзімді перспективада шағын инвестицияларды жүзеге асыру ұзақ уақыт бойы дәйекті түрде инвестициялау арқылы айтарлықтай байлық жинау мүмкіндігіне жол ашады.

Сондай-ақ оқыңыз