БЖЗҚ активтерін «Бәйтерек» пен «Самұрық-Қазынаның» облигацияларына инвестициялау жоспарланып отыр

Жарияланды
ЕНПФ
БЖЗҚ активтерін «Бәйтерек» пен «Самұрық-Қазынаның» облигацияларына инвестициялау жоспарланып отыр / Асқар Ахметуллин

2023-2024 жылдары БЖЗҚ зейнетақы активтері бойынша еркін өтімділіктің бір бөлігін «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ мен «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ квазимемлекеттік компанияларының облигацияларына инвестициялау жоспарланып отыр. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекованың «Теңге бағамының динамикасы және қаржы нарықтарындағы соңғы үдерістер» баяндамасында жазылған.

Аталмыш екі компания Қазақстанның тәуелсіз рейтингтерімен салыстырылатын «ВВВ» деңгейіндегі халықаралық рейтингтік агенттіктердің жоғары рейтингтік бағалары бар сенімді эмитенттер. 

«Егер инвестициялау тетігі туралы айтатын болсақ, онда «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ және «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ нарықтық шарттарда облигациялар шығарады, ал БЖЗҚ осы бағалы қағаздарға қаражат салады. Бұл тетік толығымен ашық тетік болып табылады. Облигациялар Қазақстанның қор биржасында орналастырылады, оған БЖЗҚ-дан басқа барлық мүдделі инвесторлар қатыса алады. Өз кезегінде, квазимемлекеттік компаниялардың өздері оларды өңдеу өнеркәсібіндегі және экономика үшін маңызды басқа да салалардағы ірі жобаларды қаржыландыруға бағыттайды», – делінген баяндамада. 

Молдабекованың айтуынша, қазір зейнетақы активтерінің көлемі 17,3 трлн теңге. Оның шамамен 70%-ы жергілікті нарыққа, яғни Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздарына, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің және басқа да қазақстандық эмитенттердің бағалы қағаздарына инвестицияланған. Ал қалған 30% актив шетелдік қаржы нарықтарында дамыған және дамушы елдердің мемлекеттік бағалы қағаздары, инвестициялық деңгейдегі корпоративтік облигациялар және жаһандық акцияларға салынған.

«БЖЗҚ Қазақстан экономикасына ірі институционалдық инвестор және осыған байланысты мұндай инвестицияларды дұрыс жағынан қабылдау қажет. Өйткені қазақстандықтардың ақшасы, бірінші кезекте, біздің экономикамызға жұмыс істеуге тиіс», – деп жазды ол баяндамасында.

2023 жылдың 11 айында БЖЗҚ зейнетақы активтері бойынша инвестициялық табыс 1 279,4 млрд теңгені құраған.

21 қарашада БАҚ-та 1,5 трлн теңге БЖЗҚ қаражаты инфрақұрылым жобаларына салынуы мүмкін деген ақпарат тарады. «Бәйтерек» холдингінің Энергетика министрлігіне жолдаған құжатында қаржы энергетика саласын жаңғыртуға жұмсалатыны жазылған.

Бұл ақпаратқа қатысты түсініктеме берген «Бәйтерек» холдингі шешім қабылданса, инвестициялық жобаларға қор қаражаты тартылуы мүмкін екенін мәлімдеді.

Кейін Үкімет отырысынан соң, үкімет басшысы Әлихан Смайылов  БЖЗҚ-дан алынатын қарыздың қорға қайтарылатынына кепілдік берді.

Сондай-ақ оқыңыз