Макроқаржылық жағдайдың нашарлауы ЖІӨ өсуін тежеуі мүмкін

Жарияланды
Макроқаржылық жағдайдың нашарлауы ЖІӨ өсуін тежеуі мүмкін / shutterstock

GaR бағалауына сәйкес, макроқаржылық жағдайдың нашарлауы қысқа мерзімде ЖІӨ өсуін төмендетуі мүмкін екенін көрсетеді. 

Алайда экономиканың өсуі оң болып қалады деп болжанған. GaR моделі бойынша есептелген ҚР Үкіметінің экономиканың өсуінің базалық болжамының үлестіріліміне сәйкес ЖІӨ-нің медианалық өсуі 2024 жылы 3,6% және 2025 жылы 4,1% деңгейінде бағаланып отыр.

«Қатаң макроқаржылық жағдайға байланысты экономиканың өсуі үшін ағымдағы тәуекелдер алдыңғы кезеңдермен салыстырғанда жоғары қалыпта», – деп түсіндірді жағдайды ҚНРДА.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 2023 жылғы 3 тоқсандағы «Тәуекел жағдайындағы өсу» есебінде Қазақстан экономикасы мұнай өндірудің, құрылыстың және тұтынушылар белсенділігінің ұлғаюы есебінен 2023 жылы ЖІӨ 4,3% өсу деңгейіне жеткенін жазған. Алайда кейбір өнеркәсіп салаларындағы және өсімдік шаруашылығындағы баяулау өсімді тежеп тұрғанын ескере кеткен.

Агенттік макроқаржылық жағдайдың нашарлауын ақша және несие нарықтарындағы ішкі және сыртқы пайыздық мөлшерлемелердің өсуімен байланыстырады. Алайда жағдай мұнай бағасының өсуімен және сауда жағдайының жақсаруымен біршама теңестірілгенін жазған.

Қазіргі кезде Қазақстандағы  ЖІӨ-нің нақты өсімі 4,9%-ды құрайды. Ал, 2022 жылы қалыптасқан сыртқы күрделі ахуалға қарамастан, экономикамының нақты өсуі 3,2% болған.  

Еуразиялық даму банкінің 2023-2025 жылдарға арналған макроэкономикалық шолуында Қазақстан экономикасы 2023 жылы 4,3%-ға, ал 2024 және 2025 жылдары 4,4%-ға өседі деп болжанған еді. 

Ұлттық Банктің сарапшылар қоғамдастығы арасында жүргізілген макроэкономикалық сауалнама нәтижесі бойынша, 2023-2024 жылдары Қазақстан экономикасы 4 пайыз өсім көрсетуі мүмкін. 

Сондай-ақ оқыңыз