Ресурстар

Қазақстан Баку порты арқылы мұнай экспорттау көлемін өткен жылға қарағанда 6 есе арттырды

ҚазТрансОйл Баку порты арқылы мұнай тасымалдауды ұлғайтты
Баку порты арқылы мұнай экспорттау 6 есе ұлғайды / «ҚазТрансОйл»

Қазақстан Баку порты арқылы тасымалданатын мұнай көлемін өткен жылмен салыстырғанда 6 есе арттырды. Бұл туралы «ҚазТрансОйл» компаниясының баспасөз қызметі хабарлады.

Ақпаратқа сәйкес, биылғы 11 ай ішінде Ақтау портынан қазақстандық мұнайды экспорттау көлемі 50%-ға өскен. Өткен жылғы осы уақыт аралығында жөнелту көлемі 2 млн 480 мың тонна болған, биылғы көрсеткіш 3 млн 62 мың тонна болып, яғни тасымал 1 млн 14 мың тоннаға ұлғайған.

«Қазақстан мұнайын Ақтау портынан экспортқа тасымалдау көлемінің артуы Баку портына қарай жөнелтілетін шикізат көлемінің 205 мың тоннадан 1 миллион 238 мың тоннаға дейін ұлғаюна байланысты, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 6 есе көп» делінген компания таратқан хабарламада.

Компания мәліметінше биылғы 11 ай ішінде Ақтау портынан Махачкала портына 1 млн 824 мың тонна мұнай жөнелтілген.

Еске саламыз, 2022 жылы Қасым-Жомарт Тоқаев Транскаспий дәлізі бойынша мұнай тасымалдау көлемін арттыруды тапсырған еді.

Транскаспий бағдары басым бағыт саналады. «ҚазМұнайГазға» оны жүзеге асырудың оңтайлы нұсқасын, соның ішінде Теңіз жобасының инвесторларын тарту мүмкіндігін пысықтауды тапсырамын. Үкімет «Самұрық-Қазынамен» бірлесіп, Атырау – Кеңқияқ және Кеңқияқ – Құмкөл мұнай құбырларының қуатын арттыру жөнінде шаралар қабылдауы қажет. Қазақстан теңіз арқылы тасымалдау әлеуетін толық пайдаланған емес. Қазір заман басқа. Үкіметке порттарымызды Каспий теңізінің жетекші хабтарының біріне айналдыра отырып, трансформациялау жөнінде стратегиялық міндет жүктедім. Теңіз флотын нығайтып, Ақтау портында контейнерлік хаб құру қажет деген ұсыныспен толық келісемін», – деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.

2022 жылдың соңында «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ мен Әзербайжан Республикасының SOCAR мемлекеттік мұнай компаниясы Теңіз кен орнынан «Баку-Тбилиси-Джейхан» мұнай құбыры бағыты бойынша жылына 1,5 миллион тонна мұнай тасымалдауды көздейтін келісім жасаған болатын .