Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басқармасы «Банк Фридом Финанс Қазақстан» акционерлік қоғамына банк холдингі мәртебесін иеленуіне рұқсат берді. Бұл туралы Агенттіктің баспасөз қызметі хабарлады.
«Агенттік Басқармасымен «Freedom Holding Corp. «Банк Фридом Финанс Қазақстан» акционерлік қоғамының (жанама) банк холдингі мәртебесін иеленуге келісім беру туралы» 2023 жылғы 07 желтоқсандағы № 89 қаулы қабылданды» делінген Агенттік таратқан хабарламада.
Сонымен қатар, реттеушінің басқармасы Freedom Holding Corp.негізін қалаушы және басты акционерлері Тимур Турловқа «Банк Фридом Финанс Қазақстан» АҚ-ның ірі қатысушы мәртебесін беруге келісім берді.
«Агенттік Басқармасымен «Тимур Русланович Турловқа «Банк Фридом Финанс Қазақстан» акционерлік қоғамының ірі (жанама) қатысушысы мәртебесін иеленуге келісім беру туралы» 2023 жылғы 07 желтоқсандағы №90 қаулы қабылданды» делінген хабарламада.
Freedom Holding Corp. холдингі Орталық Азия мен Шығыс Еуропада қаржылық, бөлшек брокерлік операциялар, инвестиция, құнды қағаздар саудасы бойынша кеңес берумен айналысатын компания. Сонымен қатар, Freedom еншілес құрылымдарында инвестициялық-банктік және андеррайтинг қызметтері көрсетіледі.
Компания Қазақстан қор биржасы (KASE), Өзбекстанның «Тошкен» биржасында, Украина биржасында (UX), Astana International Exchange (AIX), АҚШ-тың NYSE және NASDAQ биржаларында саудаланады.
Бұған дейін, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Freedom Holding Corp. мен оның Қазақстан нарығында жұмыс істейтін еншілес ұйымдары: «Банк Фридом Финанс» АҚ, «Freedom Finance Life» ӨСК» АҚ, «Freedom Finance Insurance» СК» АҚ-ның қаржылық тұрғыдан орнықты екенін растаған еді.
Еске саламыз, 2020 жылдың тамыз айында Freedom Holding Corp. еншідес компаниясы «Фридом Финанс» АҚ қазақстандық Kassa Nova банкін сатып алатынын жария еткен болатын. Сол жылы желтоқсанның 21-і реттеуші органнан осыған қатысты рұқсат берілді.