Қаржы нарығын реттеу агенттігі Freedom Broker-дің орнықты екенін растады

Жарияланды
Фото: shutterstock

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Freedom Holding Corp. мен оның Қазақстан нарығыда жұмыс істейтін еншілес ұйымдары: «Банк Фридом Финанс» АҚ, «Freedom Finance Life» ӨСК» АҚ, «Freedom Finance Insurance» СК» АҚ-ның қаржылық тұрғыдан орнықты екенін растады.

Осылайша агенттік БАҚ-та Freedom Holding Corp. қызметі туралы таралған аұқпаратқа түсініктеме берді.

Freedom Holding Corp. «Фридом Финанс» АҚ-тың (бұдан әрі – Брокер) жалғыз акционері болып табылады, ол өз кезегінде «Банк Фридом Финанс» АҚ-қа (бұдан әрі – Банк), «Freedom Finance Life» ӨСК» АҚ-қа, «Freedom Finance Insurance» СК» АҚ-қа (бұдан әрі – Сақтандыру ұйымдары) иелік етеді және банк конгломераты және сақтандыру холдингі мәртебесіне ие.

2023 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Брокердің активтері 316,6 млрд теңгені, меншікті капиталы 132,9 млрд теңгені құрады. Меншікті капиталдың жеткіліктілік коэффициенті К1 = 9,03 (нормативі 1-ден кем емес). Мерзімді өтімділік коэффициенттері К2-1 = 1,3, К2-2 = 1,3,
К2-3 = 1,3 және  К2-4 = 1,3 (нормативі тиісінше 1, 0.9, 0.8 және 0.5 кем емес).

«Осылайша, Брокер барлық белгіленген пруденциялық  нормативтерді орындайды және қаржылық тұрғыдан орнықты болып табылады», делінген хабарламада.

Брокер бағалы қағаздар нарығының белсенді қатысушысы, оның үлесіне барлық брокерлер активтерінің 41%-ы (1-орын), көлемнің 16%-ы және KASE-дегі мәмілелер санының 30%-ы тиесілі. Осыған байланысты Брокердің қызметі Агенттік тарапынан күшейтілген қадағалауда.

Бұл ретте, клиенттердің, оның ішінде бағалы қағаздар нарығындағы барлық брокерлердің бөлшек инвесторларының активтерінің сақталуы брокерлердің өз активтерін оның клиенттерінің активтерінен бөлек есепке алу, сондай-ақ активтерді кастодиан-банктерде және (немесе) «Бағалы қағаздардың орталық депозитарийі» АҚ-та (бұдан әрі – Орталық  депозитарий) сақтау арқылы қамтамасыз етілетінін атап өткен жөн. Мәселен, ҚР Бағалы қағаздар нарығы туралы заңнамасының талаптарына сәйкес бағалы қағаздармен мәмілелер номиналды ұстауды есепке алу жүйесінде және бағалы қағаздарды ұстаушылар тізілімдерінің жүйесінде тіркелуге жатады. Орталық депозитарий депозитарлық қызметті және бағалы қағаздарды ұстаушылар тізілімдерінің жүйесін жүргізу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын ҚР аумағындағы жалғыз ұйым болып табылады.

Осылайша, Брокер клиенттерінің активтерінің сақталуы да ҚР заңнамасының қолданыстағы талаптарымен қамтамасыз етіледі.

Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға, терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнамасына сәйкес қаржы ұйымдары, оның ішінде Брокер, Банк және Сақтандыру ұйымдары қаржы мониторингінің субъектілері.

2022 жылы Агенттік Брокер мен Банкке қатысты Ресей Федерациясының резиденттеріне шоттар ашу және санкция талаптарын сақтау мәселесі бойынша инспекциялық тексерулер жүргізді. Агенттіктің тексеру нәтижелері бойынша Брокер мен Банктің санкциялық тізімге енгізілген тұлғаларға шоттар ашпағаны, сондай-ақ заңнама рәсімдері мен талаптарының сәйкестігі толық көлемде сақталғаны анықталды.

Бұдан басқа, АҚШ, ЕО және Ұлыбританияның санкцияларын айналып өту үшін ҚР қаржылық қызметтері мен қаржы жүйесін пайдалануға жол бермеу мақсатында комплаенс және тәуекелдерді басқару рәсімдеріне қойылатын талаптар күшейтілді, сондай-ақ трансшекаралық операцияларды неғұрлым мұқият тексеру арқылы қаржы ұйымдарында KYC (Know Your Customer) рәсімдері күшейтілді. Сонымен бірге, клиенттердің санкция салынған тауарларға төлем жасау бойынша операцияларын не қос мақсаттағы тауарларды анықтау мақсатында қаржы ұйымдары мынадай рәсімдерді жүзеге асырады:

– бейрезидент заңды тұлғалармен не құрылтайшылары/бенефициарлық меншік иелері бейрезиденттер болып табылатын заңды тұлғалармен іскерлік қатынастар орнату мүмкіндігін міндетті түрде келісу;

– санкциялық тізімдер бойынша онлайн режимінде операцияларға қатысушыларды талдау;

– келісімшартты банкте есепке қою кезінде белгіленген санкциялық шектеулер мен жеткізу аумақтарын ескере отырып, импортталатын/экспортталатын тауарлар мен қызметтер бөлігінде келісімшартты талдау.

Сондай-ақ, қаржы ұйымдарының осы уақыттағы клиенттерінің тізімдерінде санкция салынған тұлғалар анықталған кезде мұндай клиенттердің операциялары мен активтері бұғатталады, ал активтер болмайтын кезде мұндай клиенттермен іскерлік қатынастар тоқтатылады.

Сонымен қатар, Агенттіктің мәлімдеуінше, бұрынғы FFIN Brokerage Services Inc қазіргі Freedom Securities Trading Inc. компаниясы Белиз мемлекетінің аумағында тіркелген, Freedom Holding Corp. тобына кірмейді және Агенттіктің лицензиаты емес.

Hindenburg Research зерттеуінде көрсетілген барлық мәселелерді Агенттік қосымша қарайды және қажет болған кезде Агенттіктің құзыреті шеңберінде тиісті шаралар қабылданатын болады.

Айта кетейік, Hindenburg Research компаниясы негізін қазақстандық активтер – «Фридом Финанс» брокері мен Фридом Финанс Банк Қазақстан қалайтын, Nasdaq тізіміндегі Freedom Holding Corp. туралы материал жариялап, санкцияларды бұзып отыр деп айыптаған болатын. Freedom Holding корпорациясының бас директоры және негізгі акционері Тимур Турлов «Курсивке» берген эксклюзивті сұхбатында бұл айыптауларды жоққа шығарған еді.

Kursiv Research сарапшылары Hindenburg Research пен оның кеңесін тыңдап қысқа позиция ашқандардың шорт-сквизге ұшырау қаупі бар екенін дәлелдеген еді. Айта кету керек, осы шабуылдан кейін, холдингтің акциялары NASDAQ биржасында айтарлықтай көтерілді. Мақала жарияларнғаннан кейін, Freedom Holding Corp. акциялары америкалық қор биржасында қымбаттап, баға бойынша тарихи орнатты.  

Сондай-ақ оқыңыз