Мәжілістен кейін өткен брифингте Ішікі істер министрі Ержан Сәденов журналистердің сұрағына жауап берді.
Журналистер министрден «Не молчи» қорының негізін қалаушы Дина Таңсәріге қатысты қозғалған іс туралы сұрады.
«Өскеменде NeMolchi.kz қорының жетекшіс Дина Тәңсәріге қатысты алаяқтық фактісі бойынша іс қозғалды. Сіз қазақстандықтардың бұл қудалауға қатысты петиция жариялағанын білетін боларсыз. Көптеген қазақстандық бұл істің ойдан шығарылғанын айтып жатыр. Шыны керек, бұл ұйым зорлық-зомбылық құрбандарына құқық қорғау органдары бере алмаған қолдауды көрсете білді. Осы орайда Тәңсәрінің үстінен қозғалған қылмыстық істі қаншалықты орынды деп санайсыз? ІІМ-нің бұл орайда позициясы қандай?», – деп сұрады журналист.
Министр бұл істің арызданушының өтініші негізінде қозғалғанын айтты.
«Бұл қылмыстық істі ІІМ өз бастамасымен қозғап жатқан жоқ қой. Арызданушының өтініші бойынша іс қозғалып жатыр. Қазір бұл іс жайлы айту қиын. Тергеу құпиялылығын сақтауымыз керек. Іс қозғалды. Біз толыққанды зерттеу жүргізіп барып, бұл іске қатысты пікір білдіре аламыз»,– деді.
Журналист Дина Тәңсәрінің полицияның жіберген қателіктері мен дұрыс жұмыс жүргізбегені туралы жиі айтатынын, осы орайда құқық қорғау органдары үшін ыңғайсыз адам болғанын айтты.
«Шыны керек зорлауға ұшыраған адамдар полицияның дұрыс жұмыс істемеуі себепті, қиындықтарға тап болып, үлкен стресс алған. Тәңсәрі осы мәселелерді көтерді. Осыған байланысты полиция одан кек алып жатыр деп ойламайсыз ба?», – деп сұрақты төтесінен қойды журналист.
Министр ешқандай кек алу мәселесі жоқ екенін, істің арыз негізінде қозғалғанын қайталап айтты.
Еске сала кетсек, NeMolchi.kz қорының басшысы Дина Таңсәрі алаяқтық жасады деген күдікке ілінді. Бұл жайлы ШҚО-ның полиция департаменті хабарлады.
«2023 жылдың 6 қазанында Өскемен қаласы Ертіс аудандық полиция басқармасы Қылмыстық Кодекстің 190-бабы 3-бөлігі («Алаяқтық») бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады. Қазіргі уақытта тиісті тергеу амалдары жүргізілуде. Оның қорытындысы бойынша құқықтық баға беріледі» делінген хабарламада.