Ұлттық парктерге кіру үшін төлемақы жинау автоматтандырылады / Фото: kursiv.media
Tabigat цифрлық платформасы іске қосылады. Бұл жайлы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың қатысуымен өткен Шығыс Қазақстан облысындағы жиында айтылды.
Экология министрлігі Цифрландыру министрлігімен бірлесіп табиғи ресурстардың интерактивті картасын әзірлеген. «Tabigat.gov.kz» деп аталатын географиялық картаға қоршаған орта жағдайы мен табиғи ресурстар туралы кеңістіктік деректері кіреді.
«Tabigat цифрлық платформасы жануарлар дүниесінің жай-күйі, оның ішінде сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген жануарлар түрлері, жануарлардың көші-қоны жолдары туралы есептердің, есепке алудың, кадастрдың, мониторингтің, ақпараттың қолда бар жүйелерін автоматтандыруға мүмкіндік береді, бұл жалпы аңшылық шаруашылықтарының жұмысын жеңілдетеді», – деп хабарлайды министрлік.
Кеңес барысында республика бойынша аңшылық пайдалану мен экологиялық туризмді дамытудың проблемалық мәселелері талқыланды. Министрлік бұл саланың базалық шарттарына және реттеуші құралдарды анықтау тұрғысынан нормативтік құқықтық актілерге талдау жүргізген. Осының нәтижесінде аңшылық шаруашылығы саласында аңшылық шаруашылығы субъектілері үшін 220 талап белгілейтін 23 НҚА талданып, олардың 58-і қалыптастыру шарттарына сәйкес келмейтіні анықтлаған.
Осыған орай, министрлік тарапынан «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне аңшылық саласын дамыту және жануарлар дүниесін сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасы әзірленіп жатыр.
Жиында экотуризм саласында бірқатар ірі инвестициялық жоба іске асырылатыны айтылды. Министрлік ұлттық саябақтарда, оның ішінде Катонқарағай МҰТП-да экотуризмді дамыту жөніндегі тұжырымдаманы мақұлдаған. Сондай-ақ Алматы облысының МҰТП-сында инвесторлар туристерге арналған визит-орталықтар, глампингтер, кемпингтер, көпірлер тұрғызды.
Сонымен бірге ерекше қорғалатын табиғи аймақтарды (ЕҚТА) пайдаланғаны үшін төлемақы жинаудың ашықтығы қамтамасыз етіледі. Яғни сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту мақсатында Іле-Алатау, Көлсай көлдері, Сайрам-Өгем және Шарын ұлттық парктеріне бақылау-өткізу пунктері автоматтандырылады.
«Осы жұмыстың қорытындысы бойынша барлық ұлттық паркте БӨП пен сайтты автоматтандыру бойынша аталған тәсілді масштабтау мүмкіндігі қарастырылуда. Сондай-ақ, барлық МҰТП сайтында онлайн төлем жүргізу үшін банктің QR кодтары орналастырылады», – делінген министрлік хабарламасында.
Осыған дейін «Курсив» Қазақстандағы ең танымал туристік бағыт туралы жазған. Сауалнамаға сәйкес Қазақстан аумағындағы ең танымал туристік орын Щучинск-Бурабай курорттық аймағы болып табылады. Мәселен, сауалнамаға қатысушылардың жартысынан астамы осы жермен таныс (54,1%). Ол жерге респонденттердің кемінде үштен бірі (33%) барған, ал сауалнамаға қатысқан әрбір төртінші қатысушы (25,1%) тағы да барғысы келеді. Қазақстандықтар арасында екінші танымал бағыт – Қапшағай су қоймасы. Бұл жерде сауалнамаға қатысушылардың 22,3%-ы болса, 12,6%-ы тағы да баруға ниет білдірді.