Қарағанды қаласы әкімдігі 158 млн теңге болатын жерді коммерциялық мақсатқа заңсыз берген

Жарияланды
158 млн теңге болатын жерді заңсыз бергендер белгілі болды/kursiv.media

Қарағанды қаласының Қазыбек би атындағы аудандық прокуратурасы жергілікті атқарушы органдар коммерциялық мақсатқа жер бергенде бұзушылықтарға жол бергенін анықтаған.

«Қарағанды қаласының әкімдігі бағалау рәсімін жүргізбестен, бұрын алынған жер учаскелерінің орнына тұрғын емес үй-жайлары бар көппәтерлі тұрғын үй салу және оны одан әрі пайдалануға беру үшін коммерциялық мақсатқа 14 жер учаскесін берген. Осы орайда жергілікті атқарушы орган «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңның 62-1-бабын бұзылуына жол берген», – деп жазылған таратылған хабарламада.

Прокуратураның араласуымен қала әкімдігі жоғарыда аталған қаулының күшін жою туралы талаптарды толық көлемде қанағаттандырды. Осылайша, құны 158 млн теңге болатын 4 га коммерциялық мақсаттағы 14 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды.

Сонымен қатар ұзақ уақыт бойы пайдаланылмай жатқан коммерциялық жерлердің бар екенін белгілі болды.

«Ірі кәсіпкерлердің бірі жалпы ауданы 32 га болатын 6 коммерциялық жер учаскелерін бес жыл бойы игермеген. Қадағалау актісі бойынша кадастрлық құны 1,1 млрд теңге болатын осы жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылды», делінген прокуратура баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Бұған дейін Түркістан облысы Төлеби ауданы әкімдігінің лауазымды тұлғасы аудан қорындағы жерді заңсыз рәсімдеп, алаяқтықпен иемденіп алды деген күдікке ілінгенін жазған болатынбыз.

Сондай-ақ оқыңыз