Ұлттық Банктің алтын-валюта резерві жыл басынан бері 2,8%-ға азайған

Жарияланды
Шығарушы редактор
Алтын-валюта резерв азайды Фото: Shutterstock

Қазақстанның халықаралық резервтері қараша айының соңында 92,7 млрд долларды құрады. ҚР ҰБ Төрағасының орынбасары Виталий Тутушкиннің айтуынша, Ұлттық Банктің алтын-валюта резерві жыл басынан 2,8%-ға (34,1 млрд АҚШ долларына дейін) азайған.

Елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы және 2023 жылғы қаңтар-қарашадағы республикалық бюджетті орындау қорытындысы қаралған Үкімет отырысында ҰБ төрағасының орынбасары бұл ҚРҰБ валюталық шоттарындағы ЕДБ қаражатының азаюы және Қаржы министрлігінің өз міндеттемелерін төлеу үшін валюта конвертациялауына байланысты екені мәлімдеді.

Сонымен қатар Ұлттық қордың активтері жыл басынан 5,2%-ға (58,6 млрд АҚШ долларына дейін) өскені белгілі болды. Оған инвестициялық табыстың жыл басынан 7,9%-ға (немесе 4,4 млрд АҚШ долларына) өсуі себеп болды.

«Жыл басынан қорға бас-аяғы 4,4 трлн теңге түскен. Республикалық бюджетті қаржыландыру үшін «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ акцияларын сатып алу сомасын қосқанда, Ұлттық қордан республикалық бюджетке бөлінген трансферттер 3,9 трлн теңге болды. «Достық-Мойынты» жобасын қаржыландыру үшін «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ облигацияларын сатып алу үшін жыл басынан 74 млрд теңге бөлінді», – деді ол.

Ал Қаржы министрлігінің есебінде 2023 жылдың қаңтар- қыркүйек айларында Ұлттық қорға жалпы көлемі 6,2 трлн теңге түсім түскені жазылған. Соның ішінде қордың жыл басынан бергі инвестициялық табысы 1,8 трлн теңгені құрады.

Айта кетейік қара айында бюджетке трансферт пен ҚМГ акциялары үшін Ұлттық қордан $1,32 млрд валюта сатылған.

Ал желтоқсан айында Ұлттық банк валюта сатуды екі есе азайтып, шашамен 600-700 млн АҚШ долларын сатуды жоспарлап отыр.

Сондай-ақ оқыңыз