Жаңалықтар

«Ұлттық қор – балаларға»: жиналған қаражатты шетелдегі оқу ақысына төлеуге болады

"Ұлттық қор - балаларға"

«Ұлттық қор – балаларға» жобасы бойынша жиналған қаражатты 2 мақсатта пайдалануға болады /Фото:shutterstock.com

«Ұлттық қор -балаларға» жобасы аясында 2024 жылдан Ұлттық қор инвестициялық табысының 50 пайызын 18 жасқа дейінгі балаларға теңдей бөлу көзделген. Қорға жиналған қаржыны не білім алу, не баспана алуға бағытталған нақты 2 мақсатта пайдалануға болады.

Жоба аясында жиналған қаражатты бала шетелдегі оқуының ақысына төлей алады. Алайда өзге елден баспана алуға баспанаға жұмсай алмайды. Бұл туралы Қаржы министрлігінің Бюджеттік кредиттеу, Ұлттық қор және қаржы секторы мәселелері жөніндегі өзара іс-қимыл департаментінің директоры Айбол Арғынғазин мәлімдеді.

«Білім алу бағыты бойынша, қаражатты ЖОО оқу ақысын төлеуге немесе мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесіне аударуға мүмкіндік беріледі. Шетелдегі оқу ақысын төлеу де шектелмейді», – деді ол.

Ресми дерек бойынша, Қазақстанда 18 жасқа дейінгі бала саны шамамен 7 миллион.

Егер бала бұл ақшаға тұрғын үй жағдайын жақсартамын десе, тек Қазақстандағы тұрғын үйге сала алады. Сонымен қатар оны бастапқы жарна ретінде де, ипотекалық төлем ретінде де пайдалана алады.

«Бұл бағдарламаға 18 жасқа дейінгі ҚР азаматтары қатысады. Қаражатты кәмелеттік жасқа толған соң ала алады. 18 жасқа толға кезде, жинақталған қаражат баланың айрықша меншігі болады. Уәкілетті операторға өтініш берген соң, жиналған ақша көрсетілген шотқа аударылады», – деді Қаржы министрлігінің өкілі.

Оған қоса, заңды өкілдері мен мұрагерлері де ала алады. Бала 18-ге толған соң жиналған ақшаны алмаса, онда ол 10 шотта сақталады. Осы уақыт ішінде алмаса, сол адамның зейнетақы шотына аударылады. Ал азаматтығын ауыстырса, бұл ақшаны ала алмайды. Бұл төлемдер салықтан босатылады.

Жоба жыл сайын кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Ең бірінші, Ұлттық қорға өткен жылдың қорытындысы бойынша тәуелсіз аудит жүргізіледі. Оның инвестициялық табысының мәні және 50 пайыз мөлшері анықталады. Одан әрі БЖЗҚ жыл ішінде дүниеге келген, қайтыс болған, азаматтық алған және азаматтықтан шыққан балалардың санын нақтылайды.

Деректер нақтыланған соң, Ұлттық банк кәмелет жасқа толған балаларға төлем жасау үшін қажетті соманы БЖЗҚ-ға аударады. БЖЗҚ ол қаржыны банктерде ашылған шоттарға жібереді. Балалар түскен қаражатты өз қалауынша: не оқу, не тұрғын үйге жұмсайды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 29 маусымда Қазақстан Республикасы Ұлттық қорындағы қаражаттың бір бөлігін қазақстандық балалардың есебіне төлеу жөніндегі жарлыққа қол қойды. Кейін 18 жасқа дейінгі балалардың шотына ақша аудару тәртібі түсіндірілді.

«Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында 18 жасқа дейінгі балаларға төлем доллармен төленетіні белігілі болды.