Тоқаев: Qarmet-тің жаңа иесіне қатаң талап қойылады

Жарияланды
токаев
ҚарМеттің жаңа иесіне қатаң талап қойылады / коллаж kursiv.media

Қарағанды металлургиялық комбинатының жаңа иесіне қатаң талап қойылады. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлықтары иегерлерін марапаттау рәсімінде айтты.

«Жақында менің тапсырмаммен Қарағанды металлургиялық комбинатын қазақстандық компанияның меншігіне беру мәселесі сәтті шешілді. Жұмыстың бастапқы кезеңінде компанияға көмектесу – Үкіметтің ендігі міндеті. Содан кейін кәсіпорынның жаңа иесіне қатаң талап қойылады», – деді президент.

Тоқаев өңірлердегі халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін маңызды нысандарда апаттардың жиілеп кетуі елдегі инженерлік және энергетикалық инфрақұрылымды жаңғыртумәселесіне алып келгенін айтты. Ол мәселенің ондаған жыл бойы назардан тыс қалғанын атап өтті.

Президент мемлекет қысқа мерзімде ревизия жүргізіп, қолданыстағы генерациялаушы қуат көздерін жөндеп, жаңа нысандарды іске қосып, жылу және басқа да инженерлік желілерді жаңарту үшін жүйелі жұмыстарға кіріскенін айтты.

8 желтоқсанда үкіметте өткен жиында Өндіріс және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев ArcelorMittal Temirtau компаниясының жаңа акционерін жария етті. Ол жаңа инвестор Allur автоконцерні директорлар кеңесінің басшысы және акционері Андрей Лаврентьев екенін айтты. 
Қанат Шарлапаев жаңа акционердің не үшін таңдалғанын түсіндірді және ArcelorMittal Temirtau-ға «Қармет» атауы қайтарылуы мүмкін екенін мәлімдеді.

28 қазанда Костенко шахтасында 46 кеншінің өліміне әкелген оқиғадан соң, үкімет шалт қимылдай бастады. Апат болған күні Митталдың АМТ-ны Қазақстанға қайтаратыны белгілі болды. Өндіріс министр Қанат Шарлапаев сол күні дереу ақпарат таратып, «АресорМиттал Теміртаудың» меншік құқығы заңды негізде Қазақстанға берілетінін мәлімдеді.

Президент те бұл оқиғадан соң «ArcelorMittal» инвесторын ел тарихындағы «нашар инвесторға» балап, бұл компаниямен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды.

Сондай-ақ оқыңыз