Қазақстан азаматтығынан айырылған балалар Ұлттық қордан ақша ала алмайды

Жарияланды

Қазақстан Республикасы азаматтығынан айырылған балалар «Ұлттық қордан – балаларға» жобасына қатысу мүмкіндігінен айырылады. Бұл туралы Астанада өткен брифингте Қаржы министрлігі Бюджеттік кредиттеу, Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры және қаржы секторы мәселелері бойынша өзара іс-қимыл департаменті директоры  Айбол Арғынғазин айтты.

«Бала Қазақстан Республикасы аумағынан көшіп, Қазақстан Республикасы азаматтығын жоғалтқан жағдайда оның төлем алу құқығы тоқтатылады», – деді ол. 

Сонымен қатар, 18 жасқа толмай тұрып Қазақстан азаматтығын алған балалар жобаға қатысуға автоматты мүмкіндік алады.

«Басқа мемлекеттен келіп, Қазақстан азаматтығын алған немесе біздің қандасымыз болып келіп, Қазақстан азаматтығын алған болса, азаматтықты алған сәттен бастап, қордан төлем алу мүмкіндігіне ие болады», – деді Арғынғазин.

Айта кетейік, 16 қарашада президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қордан балаларға қаржы төлеу туралы заңға қол қойған.

Яғни 2024 жылы 1 қаңтарда Қазақстанда «Ұлттық қор – балаларға» жобасы іске қосылады. Жобаға сәйкес, Ұлттық қордың жылдық табысының 50%-ы арнайы шотқа жіберіледі. Бұл шоттағы ақшаны балалар тек кәмелеттік жасқа толғанда ғана ала алады. Ақшаны алу үшін ата-аналарға шот ашудың қажеті жоқ. Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков жобаға қатысуға 9 банк өтініш бергенін, олардың барлығы арқылы ақша алу мүмкіндігі болатынын айтқан еді.

Жобаны президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған болатын. 18 қарашада парламент заңды қабылдап, президентке жіберген. 2024 жылы 18 жасқа толатын балалар «Ұлттық қор – балаларға» жобасынан қаржыны 1 ақпаннан кейін ала алады

Сондай-ақ оқыңыз