Астана қаласының мектептері мен ЖОО-лары аязға байланысты қашықтан оқуға көшірілді

Жарияланды
аязға байланысты
-30 градус аязға байланысты мектептер мен ЖОО-лар онлайн оқытуға көшірілді / Фото: Астана әкімдігі

Аязға байланысты Астана қаласының студенттері мен жоғары сынып оқушылары қашықтан оқуға көшірілді. Бұл туралы қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.

«Ауа райының күрт суытуына байланысты 2023 жылғы 12 желтоқсанда бірінші ауысымдағы 0-11 (12) сынып оқушылары мен колледждердің 1-2 курс студенттері қашықтан оқыту форматына ауыстырылды», делінген елорда әкімдігінің ресми сайтында.

«Қазгидромет» РМК деректері бойынша, Астанада 12 желтоқсан күні ауа температурасы 30 градусқа дейін күрт төмендейді деп күтілуде.

«Қала тұрғындары мен қонақтарының жарақаттануы мен үсіп қалуын болдырмау үшін қауіпсіздік шараларын сақтауды және көшеде ұзақ уақыт болмауды сұраймыз», делінген әкімшілік хабарламасында.

Күн оңтүстік өңірлерде де суытып қар қалың түседі. «Қазгидромет» РМК Алматыда дауылды ескерту жариялады. Осыған орай Алматы қаласы ТЖД алматылықтарды тауға шықпауға шақырды.

«Қалың қар жауып, кей жерлерде тұман түседі. Азаматтарды тауға шықпауға, сондай-ақ 112-қызметінің SMS-хабарламалары мен БАҚ-тағы ақпаратқа салғырт қарамауын өтініп сұраймыз! Автокөлік иелеріне көлігін ағаштың, электр желілері мен басқа да ілулі құрылымдардың астына қоймауға кеңес береміз»,- делінген ТЖД хабараламасында.

Еске сала кетсек, бір күн бұрын Астана әкімдігі ауа райының қолайсыздығына байланысты тұрғындарға үндеу жасап, аязды күні далаға көп шықпауды ұсынды. «Қазгидромет» мәліметінше, 11-13 желтоқсан күндері Елордада ауа температурасы түнде және күндіз -33 градусқа дейін төмендейді.

«Қатты аяз техногендік өрттердің көбеюіне ықпал етуі мүмкін. Осыған байланысты біз жоғары қуатты электр құрылғыларын бір уақытта қосу арқылы пештерді қыздырмауға немесе электр желілеріне шамадан тыс жүктеме түсірмеу туралы кеңес береміз. Сондай-ақ, көлік иелеріне ашық оттың көмегімен автомобильдерді жылыту қаупі туралы еске саламыз»,-деп ескертті әкімдік.

Сондай-ақ оқыңыз