11 айда мемлекет бюджетіне 18,2 трлн теңге кіріс кірді – Қаржы министрі

Жарияланды
бюджет
Бюджет кірісі бойынша жоспар 98,6%-ға орындалған /Фото: kursiv.media

11 айда мемлекет бюджетіне 18,2 трлн теңге кіріс кірген. Бұл жайлы Үкімет сағатында Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты.

«Ағымдағы жылғы 11 айдың қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджетке түскен кірістердің сомасы 18,2 трлн теңгені құрады немесе жоспар 98,6%-ға орындалды. Республикалық бюджетке 12,6 трлн теңгеге жуық қаражат түсті. Жоспар 94,4%-ке орындалды», – деді министр.

Министрдің айтуынша, жоспардың орындалмауы негізінен салықтарға байланысты. Корпоративтік табыс салығы бойынша жоспардың орындалмауына 272 ірі салық төлеуші бойынша мәлімделген аванстық төлемдер сомасының 24%-ке азаюы әсер еткен.

Ал импортқа салынатын қосылған құн салығы бойынша жоспардың орындалмауына тауарлардың жекелеген топтары бойынша импорт көлемінің төмендеуі мен Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен импорт көлемінің 9%-ға азаюы себеп болған.

«Пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық бойынша жоспардың орындалмауына негізгі экспорттық тауарлар бағасының орташа есеппен 12%-ға төмендеуі әсер етті. Шикі мұнайға экспорттық кеден бажы бойынша жоспардың негізгі орындалмауы экспорттық кеден бажының нақты қалыптасқан мөлшерлемесінің болжамды көрсеткіштен 8%-ға төмендеуімен байланысты болды. Салықтық емес түсімдер бойынша асыра орындау акциялардың мемлекеттік пакетіне дивидендтер есебінен қалыптасты», – деді Жамаубаев.

Министрдің айтуынша, жергілікті бюджет кірісі 109,2%-ке атқарылып, 5,7 трлн теңгені құраған. Кіріс бойынша жоспар Алматы облысынан басқа барлық өңірде асыра орындалған. Жалпы жоспар 478 млрд теңгеге, оның ішінде салықтар бойынша 425 млрд теңгеге асыра орындалған.

«Мемлекеттік бюджеттің шығыстары 96,5%-ке, республикалық бюджеттің шығыстары – 98,3%-ке, жергілікті бюджеттердің шығыстары 95,6%-ке орындалды. Республикалық бюджет бойынша сомасы 20 трлн теңгеге шығыстар жүргізілді.Атқарылмау 336 млрд. теңгені құраса, оның ішінде үнемдеу – 29 млрд теңге. Игерілмегені – 307 млрд теңге. Игерілмеудің неғұрлым ірі сомалары ішкі істер, өнеркәсіп және құрылыс, төтенше жағдайлар және мәдениет және ақпарат министрлігі министрліктерінде қалыптасты»,  – деді министр.

Игерілмеуге негізінен өнім берушілердің тауарларды уақтылы жеткізбеуі, конкурстық рәсімдерді дер кезінде өткізбеуі, қосымша келісімдерді жасасу рәсімдерін ұзақ жүргізу әсер еткен. Аудитпен 1,4 трлн теңге бюджет қаражаты қамтылған. Тексеру нәтижесінде 231 млрд теңге сомасына қаржылық бұзушылықтар анықталған.

Еске сала кетсек, көктемде Экономикалық зерттеулер институты І тоқсанда мемлекеттік бюджет кірісі 16 пайыз өскені туралы жазды. 2023 жылдың І тоқсанында мемлекетік бюджет кірісі 5 568,8 млрд теңгені құраған.

Маусымда Жамаубаев жыл басынан бері мемлекеттік бюджеттің кірісі 8 трлн болған. Ал шығысы 9 трлн теңгені құраған. Ол кезде 55 млрд теңге сомасында қаржылық бұзушылықтар анықталған. Олардың барлығына аудиттік тексеріс жүргізілгенін айтқан болатын.

Сондай-ақ оқыңыз