Ресейліктерге бұғатталған бағалы қағаздарын шетелге сатуға рұқсат берілді / Фото: kursiv.media
Ресейлік инвесторлар шетелде бұғатталған бағалы қағаздарын 100 000 рубль шегінде сата алады. Бұл жайлы Frankmedia басылымы хабарлады.
«Орталық банк бұғатталған активтерді ресейліктерден сатып алуы механизмін 100 000 рубль шегінде белгіледі», делінген басылым хабарламасында.
Бұл операция «С» шоттарында бұғатталған қолайсыз мемлекеттердегі бейрезиденттердің ақшасын пайдалану арқылы жүзеге асырылады. Негізінен Ұлттық есеп айырысу депозитарийінде тізімделген бағалы қағаздар сатылады.
«Үкіметтік комиссия оны өткізу ережелері мен шарттарын бекіткеннен кейін, сауда-саттықты бастауға болады. Бастау жарияланғаннан кейін брокерлер, сенімді басқарушылар және инвестициялық пай қорын басқарушы компаниялар өз клиенттеріне сауда-саттықтың басталғаны туралы хабарлауға міндетті болады», –делінген Ресей Банкінің мәлімдемесінде.
Онда сонымен бірге саудаға қатысу өздерінің оқшауланған шетелдік бағалы қағаздарын (FCS) сатқысы келетін инвесторлар тарапынан ерікті болатыны айтылған.
Құжат талаптарына сәйкес әрбір инвестор жалпы сомасы 100 000 рубльден аспайтын бағалы қағаздарын сатуға өтінім бере алады. Саудаға шығарылған бағалы қағаздардың құнын есептеу тәртібін үкіметтік комиссия белгілейді.
Қараша айының басында Ресей президенті Владимир Путин Ресейде және шетелде бұғатталған ресейлік және шетелдік инвесторлардың активтерін айырбастауға мүмкіндік беретін жарлыққа қол қойған. Алайда ресейліктер шетелдегі активтерін сатуға құлшыныс білдіріп отырған жоқ. Мәселен, Швейцариялық банктер ресейлік активтерге комиссия енгізген. Бірақ соған қарамастан, бұл банктердегі шотын жабуға ниет білдіргендер аз. Бұл туралы «Ведомости» басылымы брокерлердің біріндегі дереккөзге сілтеме жасай отырып хабарлаған.
Швейцариялық Leolex заң фирмасының серіктесі Роман Кудиновтың айтуынша, швейцариялық банктер реттеуші органдардың қысымымен ресейлік клиенттерден бірте-бірте құтылуға күш салып жатыр. Бірақ олардың кейбіреуі ірі тұтынушыларға қызмет көрсетуді тоқтатпаған. Мәселен, Vontobel және басқа да бірқатар ірі швейцариялық банктер әлі де ресейліктермен жұмыс істеуде. Тіпті жаңа клиенттерді тартып жатқаны айтылады.
Іс жүзінде ресейлік ауқатты адамдардың көбі активтерінің негізгі бөлігін швейцариялық банктерге қалдыруды жөн санаған. Ал қалған бөлігін дос елдердегі банктерге аударған.
Еске сала кетсек, Еурокомиссия Орталық банктің бұғатталған бағалы қағаздарынан түскен пайдаға Украинаға 15 млрд еуро көлемінде көмек көрсетпекші. Ұсынысқа сәйкес, бұл қаражат Ресейдің Орталық банкінің активтерінен түсетін кірістерден ғана алынады. Басылым дереккөзінің хабарлауынша, Еурокомиссия бастапқыда бұғатталған активтерден түскен пайданы бөлек шоттарда орналастыруды ұсынуы мүмкін. Содан кейін бұл қаражат ЕО-ның жалпы бюджетіне аударылады.