Екі жылға жуық жалғасқан Украина-Ресей соғысы туралы Батыс ақпарат құралдары не жазады

Жарияланды
Фото:shutterstock

Британиялық The Guardian басылымы соғыстың 658-күніне қатысты жаңалық жариялаған. Онда АҚШ президенті Джо Байденнің «Республика» партиясына Украинаға қажет әскери көмек көрсетпесе, Ресейге «рождестволық» сыйлық жіберетінін ескерткені туралы жазылған. Естеріңізде болса, Зеленский Ресеймен соғыста қолдау білдіріп, ақшалай көмек көрсетуін сұрау үшін Уашингтонға барған еді. Дегенмен республикалықтар бұл өтінішке оң жауап бермеді. Өкілдер палатасының спикері Майк Джонсон Байденнің Украинаға 61,4 млрд АҚШ доллары көлемінде жәрдем көрсету ұсынысын қолдамады.

Байден қосымша әскери қолдау пакеті туралы сөз қозғады. АҚШ президенті Украинаның бұл шиеленісте айтарлықтай жетістікке жетуі үшін 200 млн АҚШ доллары көлемінде көмек берілетінін хабарлап, «Украинадан мен де, Америка халқы да кетпейді» деді.

Мәскеу болса жағдай бақылауда екенін ескертті. Кремль баспасөз  хатшысы Дмитрий Песков «Уашингтон бұған дейін жіберген ондаған млрд АҚШ долларының соғысқа еш әсер етпегенін, қаражат көлемін арттыру жағдайды өзгерте қоймайды» деген пікірін айтты.

The Guardian еуропалықтар арасында жүргізген сауалнама нәтижесін де жариялапты. Басылымның хабарлауынша, батыс елдері Украинаның Еуропа одағына мүше болу идеясына қарсы емес. Дегенмен одаққа Грузия мен Балқан мемлекеттерін қоса отырып кеңейту ойын аса қолдай қоймайды екен.

CNN агенттігі Ресей Украинамен соғыста әскерінің 87 пайызын, танкілерінің үштен екісін жоғалтты деген ақпарат бөліскен. Бұл мәліметті агенттік АҚШ Конгресі үшін арнайы дайындалған құпия есептен алғанын хабарлапты.

«Ресей президенті Владимир Путин мұншалық үлкен шығынға қарамастан әуелгі ойынан бас тартпай, соғысты жалғастырмақ. АҚШ екі жылға ұзаған шиеленісте Украина әлі де осалдық танытып жатырғанын ескертеді. Украинаның күзге жоспарлап жүрген жойқын соққысы іске аспады, сондықтан АҚШ Киевтің жақын арада қандай да бір жақсы нәтиже көрсете қоятынына күмәнмен қарайды»- делінген басылым хабарламасында.

Бұл ақпарат АҚШ президентінің көмек беру туралы ұсынысына республикалықтардың оң жауап бермегеніне байланысты тарады дейді. Одан кейін Байден әкімшілігі Конгрес арқылы қосымша қаржыландыруға  қол жеткізу үшін баспасөз мәслихатын өткізіп, оған соттарды шақырған.

Республика партиясының өкілі Джей Вэнс Украинаның «Ресейді қайтадан 1991 жылға шегіндіремін» деген идеясы әуел бастан абсурд деген ойын білдірді. «Президентке, барлық әлемге негізгі мақсат қандай екенін анықтау керек дейміз. Бұған дейін  100 млрд доллармен жетпеген қай мақсатқа 61 млрд доллар жеткізе қояды?», дейді сенатор.

Al Jazeera колумнисі Эндрю Митровица «Володимир Зеленский: ұмытылған адам» деген мақала жазған. Мақала кіріспесінде-ақ автор Украина президентін «ұмыт қалған соғыста күресіп жүрген ұмытылған адам» деп атайды.

Журналист екі жылға таяған соғыста Зеленскийдің жұлдызы бұрынғыдай жарқырап тұрмағанын, соғыстың тым созылып кеткенін, әуелде уәде етілген жеңістің ауылы көрінбейтінін, тіпті мүмкін бе деген күмән туындайтынын жазады. «Әлем Украинадан шаршағандай. Бұл тіпті іш пыстыратын болды. Кезінде Зеленскийдің ерлігін жарыса жазғандар бүгінде жақ ашудан қалды. АҚШ Конгресіне де бұрынғыдай жиі шақырып, қошемет көрсетпейтін болған. Украина бұдан былай  өткір мәселе болудан қалды» делінген басылым бетінде.

Дегенмен автор украиналық министрлердің табандылығы әлі де мықты екенін атап өткен. Жақында Украина Сыртқы істер министрінің Брюссельдегі жиында Украинаның кері шегінбейтінін айтып сендіргенін сөз еткен. Автор Дмитрий Кулебаның бұл соғыс тек Украина мәселесі емес, «еуроатлант аймағына ортақ қауіп» деген мәлімдемесін тағы бір еске салады.

Украинаның күнтәртібінен түсіп қалуына тек Израиль-Палсетина соғысы емес украиналық саясаткерлердің жалаң уәделері де себеп дейді. «Украина шеңділерінің БАҚ бетіндегі ескі ұрандарының нәтижесінде Украина тағдыры палестиналықтардың өміріне алаңдаған көбінің ойынан шығып қалды. Алып державалардың Палестинаға бас-көз болмағанындай бір күні Украинаны да назарынан тыс қалдыратыны сөзсіз. Мұны Зеленский де біледі» делінген мақалада.

Сондай-ақ оқыңыз