Жаңалықтар

Ұлттық қордан 70 млрд теңге жұмсалған «Астрахань – Маңғышлақ» магистральды су құбыры іске қосылды

Коллаж: kursiv.media

Атырау облысында кеңейіп, жаңғыртылған «Астрахань – Маңғышлақ» магистральды су құбыры іске қосылды. Қайта жаңғыртылған су құбыры Атырау және Маңғыстау облысы халқына, кәсіпорындары мен ауыл шаруашылығы үшін қосымша 60 мың текше метр су беру көзіне айналады. Нысанның іске қосылуы Премьер-министр Әлихан Смайыловтың қатысуымен өтті.

Су құбырының құрылыс-монтаж жұмыстары 2022 жылдың 4-тоқсанында басталған. Жоба аясында ұзындығы 176 шақырымға жуық «Астрахан-Маңғышлақ» магистральды су құбырының екі учаскесі ауыстырылған.

«Жобаны іске асыру нәтижесінде «Магистарльды Суағызғысы» ЖШС «Астрахань-Маңғышлақ» магистральды су құбырының өткізу қабілетін тәулігіне 110 мың м³-ден 170 мың м³-ге дейін қамтамасыз етеді», делінген хабарламада.

«Астрахань – Маңғышлақ» магистральды су құбыры – стратегиялық маңызды нысан. Ол Атырау облысының Құрманғазы, Исатай және Жылыой аудандарының, сондай-ақ Маңғыстау облысының Жаңаөзен, Бейнеу, Маңғыстау, Қарақия және Түпқараған ауданы тұрғындарын сумен қамтамасыз етеді. Маңғыстау облысы халқының 35 пайыз және Атырау облысы халқының 28 пайызы осы су құбырымен келетін суды тұтынады. Жыл сайын халықтың су тұтынуы 4-5 пайызға артып келеді.

ҚазТрансОйл «Астрахань – Маңғышлақ» су құбырын жаңғыртуға қажетті 70 млрд теңгені Ұлттық қордан алғаны белгілі.

Ел Үкіметі 2022 жылы желтоқсанда «Астрахань – Маңғышлақ» су құбырын жаңғыртуға Ұлттық қордан 70 млрд теңге дағдарысқа қарсы қаржы бөлу туралы шешім шығарған болатын. Оның 50 млрд теңгесін «Магистральдық су ағызғы» ЖШС 2023 жылдың сәуірінде «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-нан облигациялық қарыз түрінде алған. Ол кезде «Магистральдық Суағызғы» ЖШС 50 млн облигация шығарған.

Ал қалған 20 млрд теңгеге «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ «Магистральдық су ағызғы»  ЖШС-нің (100% – ы «ҚазТрансОйл» АҚ-қа тиесілі) 20 млн акциясын сатып алды. Ал «ҚазМұнайГаз» ҰК жобаны қаржыландыру үшін «Самұрық-Қазынадан » 20 млрд теңге сомасына осындай облигациялық қарыз тартқан.

13 қарашада «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы «Астрахань-Маңғышлақ» су құбырының құрылысына 20 млрд теңге тартатынын хабарланды. Компанияның директорлар кеңесі осы мақсатта жылдық 0,5%-бен 20 млрд теңге сомасына он жылдық облигациялар шығару туралы шешім қабылдаған. Ал «Самұрық-Қазына» бұл ақшаны Ұлттық қордан алады.

Жобаны іске асыру және реттеліп сумен жабдықтау қызметтерін көрсету шығындарын өтеу үшін «Магистральды Суағызғысы»  ЖШС 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап су жеткізу тарифін қымбаттатқан.