Кредит көп, депозит жоқ: Оңтүстік халқы несиеге батып отыр

Жарияланды
Шығарушы редактор

Фото: shutterstock.com

Еліміздің оңтүстік өңірі тұрғындарының алған несие көлемі жинаған депозиттерінен бірнеше есе асып түседі. ERI Өңірлік зерттеулер орталығының сарапшылары аймақтардағы несие мен депозит мөлшерін салыстырып талдай келе, бірқатар ерекшелік пен заңдылықты анықтаған.

Ұлттық банктің дерегі бойынша, 2023 жылдың басында жеке тұлғаларға шамамен 14,1 трлн теңге кредит берілген. Ал ел тұрғындарының депозиттерінде 13,3 трлн теңге жинақталған. Яғни жыл басында ел экономикасындағы несие көлемі 856,1 млрд теңгеге артық болған. Бұл өз кезегінде халықтың кредит алу көрсеткіші тым жоғары екенін байқатады.

Мәселен жеке тұлғалардың депозиттерінде сақталған 13,3 трлн теңгенің 47%-і (немесе 6,2 трлн теңге) тек Алматы мегаполисіне тиесілі.

Салыстырар болса, алматылықтардың банкте жинаған ақшасы Түркістан облысы халқы депозитінен 75 есе көп. Жалпы, Түркістан облысында халықты жұмыспен қамту деңгейі Алматы қаласынан сәл-ақ аз екеніне қарамастан, облыс халқының жинаған қоры ел бойынша ең төмен көрсеткішке ие.

Тағы бір мысал: Солтүстік Қазақстан облысы мен Түркістан облысын салыстырар болсақ, СҚО-да жұмыспен қамтылған 1 адамның банктегі есепшотында Түркістан тұрғынікінен 9 есе артық қаржы жатыр. Бұл ретте СҚО-дағы экономикалық белсенді халықтың қатары Түркістан облысынан 3 есе аз.

Осы ретте ERI Өңірлік зерттеулер орталығы директорының орынбасары Азамет Саменов ел өңірлері бойынша статистика біршама өзгеше екенін айтады.

Біріншіден, ел өңірлерінде несие мен депозит көрсеткіштері біркелкі емес. Ол аймақтың экономикалық дамуы мен өңір халқының санына байланысты. Экономикада жұмыспен қамтылған 1 адамның басындағы кредиті Алматы (3,9 млн теңге), Астана (3,6 млн теңге) және Шымкент (2,3 млн теңге) қаласында көп.

Екіншіден, оңтүстік өңірлердің жұмыспен қамтылған халқының басында депозитінен несиесі артық, Мәселен, Түркістан облысы тұрғындарының несиесі жинаған жинағынан 4,2 есе, Қызылорда облысында 2,3 есе көп. Ал Жамбыл, Алматы және Жетісу облысы халқының алған несиесі жинаған қорынан 2 есе асып түседі.

Үшіншіден, еліміздің солтүстік өңірлерінде, әдетте, экономикалық белсенді адамның допозиті кредитінен көп болады. СҚО мен Қстанай облысы тұрғындарының жинаған жинағы алған несиесінен басым. Ал Павлодар, ШҚО, БҚО мен Абай облысы тұрығындарының депозиті мен кредитінің мөлшері бірдей.

Төртіншіден, жан басына шаққандағы ЖӨӨ-нің жоғары болуы халықтың депозиттегі ақшасы көп жиналарына кепіл емес. Мысалы, жан басына шаққандағы ЖӨӨ бойынша Атырау облысы 1-орынды (19,9 млн теңге ) тұр және көрсеткіш Алматы қаласынан 2,2 есе (8,9 млн теңге) асады. Ал Атырау мен Алматы халқы жинағын салыстырсақ, Атырау облысы бойынша жеке тұлға салымдарының абсолюттік мәні 17 есе аз. Ал экономикада жұмыспен қамтылған 1 адамға қайта есептесек, Алматы қаласынан 5,7 есе кем екені байқалады.

Бесіншіден, СҚО экономикасында жұмыспен қамтылған 1 адамға шаққандағы кредит көлемі Түркістан облысына, сондай-ақ Алматы облысы мен Жетісуға қарағанда көбірек. Үш оңтүстік облыстың жалпы кредит нарығы әлдеқайда артық екенін ескеру қажет. Бұл ретте, СҚО-дағы ресми кіріс – ел бойынша ең төмен көрсеткіштер қатарында.

Қазіргі кезде Қазақстандағы жеке тұлғалар алған несиенің жалпы көлемі 18 трлн теңгені, ал қарыз алушылардың саны 8 миллион адамды құрайды. 

Соның ішінде проблемалық қарыз деңгейі де өсіп, бұл көрсеткіш 5,2%-ға жетіп, 0,5 трлн теңгеден асқан.

Сонымен қатар Қазақстанда 1,5 млн адам несиесін уақтылы төлемей жүргені айтылады.

Сондай-ақ оқыңыз