Сыйлықтар мен мұраға қалған мүлікті декларацияда көрсеткен абзал. Алайда оларды алғаны үшін салық төлеудің қажеті жоқ. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясынды Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитеті өндірістік емес төлемдерді, жеке тұлғаларды және арнайы салық режимдерін әкімшілендіру департаментінің директоры Нұржан Қуандықов айтты.
«Сыйлықтарды немесе мұраға қалған мүліктің құны 1000 АЕК, яғни 3,5 млн теңгеден асатын болса, оларды декларацияға қосқан жөн», – деді Қуандықов.
Алайда ол жеке тұлғаның жеке тұлғаға жасаған сыйлығы үшін салық төленбейтінін ескерте кетті. Тек заңды тұлғадан алған немесе заңды тұлғаға табысталған сыйлық болса, ол үшін салық төлеу міндеттелген.
Жалпыға бірдей декларациялау жүйесі 2021 жылдың 1 қаңтарда іске қосылды. Алғашқы болып мемлекеттік қызметкерлер мен олардың жұбайлары декларация тапсыруы керек болған.
2023 жылдан бастап мемлекеттік ұйымдар мен квазимемлекеттік ұйымдар қызметкерлері және олардың жұбайлары 2022 жылдың 31 желтоқсанына дейінгі ақпарат көрсетілген декларацияны жариялауы керек болған.
2024 жылдан бастап заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары және жеке кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары тапсыруы керек.
2025 жылдан бастап кәмелеттік жасқа толған барлық қазақстандықтар тапсыруы керек.
Осыған дейін декларация тапсыру алдында қандай ақпаратты білу керек екенін жазған едік.