Мобильді аударым жасағаны үшін кімдер салық төлейді – Қаржы министрі түсіндірді

Жарияланды (жаңартылды )
мобильді аударымдар
Мобильді аудардым үшін салық төлеу керек пе?/unsplash

Мобильді аударым жиі жасалғаны үшін кімдер салық төлеуі мүмкін? Үкімет басшысының орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев журналистердің осыған қатысты сауалдарына жауап берді.

«Бұл заң былтыр қабылданды. Кәсіпкерлік қызметтің сипаты бар мобильді аударымдарға салық салынуға тиіс. Туысқандар мен әріптестер арасындағы ақша аударымының кәсіпкерлік қызметке қатысы жоқ. Сондықтан мұндай аударымдарға салық салынбайды», – деді Мәжілістің жалпы отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында Ерұлан Жамаубаев.

Үкімет басшысының орынбасары басты мақсат жиі жасалатын ақша аударымдарын фискалдандыру екенін атап өтті.

«Біз арнайы карта, есепшот ашу қажет екенін айтып жүрміз. Осыны орындағаннан кейін қанша аударым жасайтыныңызды өзіңіз білесіз. Кәсіпкерліктің белгілі бір түрі бойынша тіркеліп, салық төлесеңіз болды. Көлеңкелі экономикада жүрген бизнесті осыған тартып жатырмыз», – деді Ерұлан Жамаубаев.


Журналистер кейде ата-аналар оқушылардың қажеттілігіне ақша жинағанда барлығы бір адамға аударым жасайтынын алға тартып, Қаржы министрінен: «Мұның теріс салдары болмай ма?» – деп сұрады.

«Мұндай жағдайға салық органдарының өкілдері араласпайды. Біз бұл бір реттік алым екенін білеміз. Мұндай алдымдар тәуекел туғызбайды. Тәуекел бизнесі бар адамдарда: дүкен иесінде, таксисте, базарда жеміс-жидек сататын адамда, яғни тікелей бизнеспен айналысатын азаматтарда пайда болуы мүмкін», – деп жауап берді тілшілерге Ерұлан Жамаубаев.

Бұған дейін Қаржы министрі 100-ден астам аударым жасайтын адамдар бақылауға алынатынын айтқан еді.

«Менің білуімше, мұндай адамдардың тізімі әлі түзіліп жатыр, біз екінші деңгейлі банктермен ақпарат алмасуды жолға қойып жатырмыз. Әзірге ешқандай нәтиже жоқ. Мониторинг жасайық, қоғамды дүрліктірмейік, өйткені бұл 2025 жылға дейін жоспарланған жұмыс. Ешқандай тексеру болмайды, адамдарға, бизнеске ешқандай қысым жасалмайды», – деген болатын Ерұлан Жамаубаев.

Сондай-ақ 2025 жылға дейін мобильді аударымдар үшін кәсіпкерлерге айыппұл салынбайтыны да айтылған.

Сондай-ақ оқыңыз