Қазақстандық тұтынушылардың оптимистік ұстанымы өте жоғары

Жарияланды (жаңартылды )

Қазақстандағы тұтынушылық оптимизм индексі соңғы екі айда жоғары өрлеп, рекордтық көрсеткіштерге жақындап қалды. Содан да болар, ел ішінде жұмыс орнына қатысты сенімі мол, кредит алуға дайын отырған азаматтар қатары ұлғая түскен. Жалпылай алғанда, Қазақстан биылғы жылды инфляцияның баяулауы жағдайында аяқтағалы отыр, алайда республика халқы алдағы уақытта баға әлі де қымбаттап кете ме деп алаңдаулы. Отандық тұтыну нарығы 2023 жылдың қараша айын қалай аяқтады, нарық ішінде қандай жаңалық, қандай өзгеріс болды – Kursiv Research әзірлеген ай сайынғы зерттеу қорытындысы осы тұрғыда әңгіме қозғайды.

Тұтынушылардың ұстанымы қандай? /shutterstock

Индекстердің өсуі

2023 жылдың қазан айында Қазақстанда тұтынушылардың сенім индексі (ССІ) бақылау кезеңіндегі барлық көрсеткіштен асып түсіп, 103,3 тармаққа бірақ жетті. Бұл тенденция келесі айда да өз жалғасын тапты: қарашада ССІ көрсеткіші 4,9 тармаққа өсіп, 108,2 тармақ деңгейіне келіп тірелді.

Сәйкесінше субиндекстер де жоғары өрледі. Мысалға, ел экономикасында орын алған өзгерістер индексі 8,9 тармаққа көтерілсе, ағымдағы жағдайды бағалау индексі – 6,3 тармаққа, тұтынушылардың күту индексі 3,1 тармаққа өсті.

Жағымды динамикасы байқала қоймаған көрсеткіш деп тұтынушылардың материалдық жағдайындағы өзгеріс индексін айтуға болады – ол бар болғаны 2,3 тармаққа ғана көтерілген.

Жастар оптимист, ал зейнеткерлер мейлінше ұстамды…

Биыл қараша айында қазақстандық тұтынушылар (оның ішінде ерлер де, әйелдер де) өздерінің тұтынушылық мүмкіндіктеріне оптимистік тұрғыдан баға берген. Гендерлік айырмашылық аясында алып қарағанда, ерлердің ССІ көрсеткіші 108,3 тармақты, әйелдердің көрсеткіші 108,2 тармақты құраған. Десе де, индекс көрсеткіші ер азаматтардың арасында белсендірек өскен: бір айда 5,8 тармақ деңгейінде.

Бұл тұрғыда позитивті оң ұстаным орта жастағылар мен жастардың арасында (30–44 жастағы) анық байқалған. Олардың ССІ көрсеткіші, сәйкесінше, 108,5 және 127,9 тармақты көрсеткен. Индекстің өсуі, әсіресе, жастардың арасында қарқын алған.

Ал зейнет жасына жақындап қалғандар мен зейнетке шыққандардың бағасы әдеттегідей аса тартымды емес – бұл топтағы тұтынушылардың сенім индексі, сәйкесінше, 98,6 және 95,2 тармақты құраған.

ССІ өңірлерде де өсіп келеді

Қазан айында ССІ көрсеткіші біршама төмендеп кеткен Жетісу облысында қараша шыға тұтынушылардың көңіл-күйі күрт өзгеріп, сенім индексі 17,9 тармаққа жоғары көтерілген. Республика аумағында алғанда ССІ бойынша ең елеулі өсім осы деуге болады. Ал сенім индексінің ең жоғары көрсеткіші – 126,1 тармақ – Қызылорда облысында тіркелген.

ССІ көрсеткішінің төмендеуі еліміздің екі өңірінде ғана байқалған: Батыс Қазақстан облысында – 7,9 тармаққа, Шығыс Қазақстан облысында – 0,6 тармаққа.

Ал тұтынушылардың сенім индексі пессимистік аймақтан «шыға алмаған» өңірлердің қатарында (яғни, индекс көрсеткіші 100%-дан төмен деген сөз) – Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстары бар.

Басты мәселе – қаржыға кеп тіреледі…

Зерттеуге қатысушылардың арасында қаржыға қатысты қиындықтарға алаңдайтындардың саны бір айда ептеп өскен. Егер қазан айында олардың үлесі 22,8%-ды құраса, қарашада – 24,6%-ға жеткен. Дегенмен күздің соңғы айында инфляция, тарифтер мен бағалардың өсуі респонденттерді аса мазалай қоймаған: өткен айдағы сауалнама қатысушыларымен салыстырғанда (10,5%) бұлардың үлесі 8,8%.

Kursiv Research сарапшылары тілдескен респонденттердің 8,5%-ы үшін жұмыс пен бизнеске, немесе оқуға қатысты мәселелер өзекті болған. Тағы бір бөлігі, атап көрсетсек – 8,3%-ы отбасындағы тұрмыстық кикілжіңдер, 7,4%-ы –денсаулығына қатысты мәселелер, 6,3%-ы білім алудағы қиындықтар мазалайтынын айтқан.

Ал сауалнамаға қатысқандардың шамамен әрбір үшіншісі бүгінгі таңда «ешқандай мәселе алаңдатпайды» дейтін респонденттер санатын құраған (бұлардың қарашадағы үлесі 31,3%). Зерттеуге қатысқандардың 4,5%-ы алаңдаушылық себебіне қатысты сұраққа жауап бере алмаған.

Бәсеңсіген инфляция

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстандағы инфляция әрі қарай баяулай түсті. Егер биыл қыркүйекте инфляция 11,8% деңгейінде қалыптасқан болса, қазанда – 10,8%-ды, ал қарашада 10,3%-ды құрады.

Сәйкесінше бағаның қымбаттауын анық сезінген тұрғындардың үлесі де азайып келеді. Айталық, биыл мамырда олардың үлесі сауалнамаға қатысқандардың жалпы санына шаққанда 71%-ды құраса, қазанда – 60,2%-ға дейін, ал қарашада – 59,2%-ға дейін азайған. Бұл арада әңгіме – бағаның қымбаттауын жыл қорытындысы бойынша байқап, сезінген респонденттер туралы.

Сауалнамаға қатысқандардың арасында бағаның бір айдағы қымбаттауынан зардап шеккендердің үлесі де төмендей түскен: қарашада бұл көрсеткіш 47,7%-ды құрады. Қазанда бұлардың үлесі 48,8%, ал қыркүйекте – бұдан да жоғары – 53,9% болатын.

Баға кімді мазалайды?

Қараша айындағы бағалардың өсуін әдеттегідей ерлерден бұрын әйелдер байқаған. Тауарлардың бір жылдағы қымбаттауы туралы сауалнамаға қатысқан әйелдердің 63,8%-ы айтса, бір айдағы қымбаттауы туралы – 52,5%-ы пікір танытқан.

Бұл сұрақ негізінен 30 жастан 44 жасқа дейінгі респонденттерді көбірек мазалайды. Өңірлер аясында алып қарғанда, бұл мәселеге, әсіресе, Ұлытау, Алматы және Павлодар облыстарының жұртшылығы алаңдаулы.

Назарда – еттің, сүттің және нанның бағасы

Бағаның өсуіне алаңдаушылық танытқан респонденттер көбіне бірінші кезектегі қажеттілік тізіміндегі өнімдердің қымбаттауы туралы сөз қозғаған. Мысалға, сауалнамаға қатысқандардың 34,9%-ы еттің және құс етінің қымбаттап кеткенін алға тартса, 32,8%-ы – нан және нан өнімдерінің, 31,6%-ы – сүт және сүт өнімдерінің, 29,5%-ы – көкөніс пен жеміс-жидектің, 28,9%-ы ұнның бағасы қымбаттауда деп, алаңдаушылық танытқан. Сондай-ақ қазан айындағы нәтижелермен салыстырғанда бұл көрсеткіштер біршама төмендеу.

Қарашада күтілетін инфляцияға берілген медиандық баға 20%-ды құрады, бұл өткен айдағы көрсеткішпен бірдей деңгей.

Қымбатшылықты болжағандар да бар

Бір қызығы, бағаның өсуін байқаған респонденттер үлесі азайғанымен, алдағы уақытта баға қымбаттайды деп есептейтіндер де жеткілікті. Атап айтсақ, сауалнамаға қатысқандардың арасында тауарлардың желтоқсан айында күрт қымбаттайтынын болжағандар үлесі 24,6%-дан 30,2%-ға дейін өскен, ал баға 2024 жылы жоғары көтеріледі дейтіндердің үлесі 24,4%-дан 27,3%-ға дейін артқан.

Мұндай сарындағы пессимистік көзқарас, әсіресе, 30 жастан 59 жасқа дейінгі әйелдер мен Павлодар облысының тұрғындарына көбірек тән.

Доллардың нығаюы

Биылғы күздің соңғы айында қазақстандықтардың АҚШ долларына деген сенімі біршама нығая түсті. Сауалнамаға қатысқандардың ішінде алдағы айда доллардың қымбаттауын күтетіндердің үлесі 1,7 пайыздық тармаққа өскен: 34,4%-дан 36,1%-ға дейін. Дәл осындай тенденция жылдық өлшемде де орын алады деп үміттенетіндердің үлесі 53,9%-дан 55,4%-ға дейін артқан.

АҚШ доллары қымбаттайды деп күтетіндердің басым бөлігі ер азаматтар, жастар және астаналық тұрғындар.

«Жұмыссыз қалам» деген үрей жоқ

Жұмыссыздық көрсеткіші бойынша күту индексі қараша айында 2,2 тармақ қосып, 75 тармақ деңгейіне келіп тоқтады. Бұл – респонденттердің жұмыс мәселесіне қатысты алаңдаушылық деңгейі төмендей бастағанын білдіреді, қалай дегенмен, аталған көрсеткіш жұмыс орындарының болмауынан туындайтын үрей деңгейіне кері байланыста.

Айтқандай, бір жылдан кейін ел ішінде жұмыссыздар саны ұлғая түседі деп есептейтін респонденттер үлесі 41,%-дан 40,3%-ға дейін азайған.

Еңбек нарығының даму перспективасына қатысты пессимистік ұстаным Атырау облысында басымдау: жергілікті халықтың 57,9%-ы бұл мәселеде теріс көзқарас танытқан. Теріс баға бергендердің елеулі бөлігі 45–59 жастағы респонденттер (43,1%).   

Ақша жұмсайтын кез…

Қазақстандықтардың арасында кредит алатын кез келді деп есептейтіндердің үлесі арта түскен. Мұндай көзқарасты ұстанған респонденттердің үлесі қыркүйекте 13,8% болса, қазан айында – 14,8%-ды, ал қарашада – 16,6%-ды құраған. Тұтынушылар оптимизмі индикаторының бірі – кредит бойынша сенім индексі дәл осындай жолмен өсіп келеді. Соңғы айда бұл индекс 36,6 тармаққа дейін ұлғайып өскен.

Қараша айында кредиттер, әсіресе, әйелдер мен жастар үшін және Қызылорда, Түркістан облыстарының тұрғындары үшін тартымды болған.

Осымен екінші ай қатарынан қарыз қаражатын тартуға ниет білдірген респонденттер көрсеткіші де артып келеді. Қыркүйекте бұлардың үлесі 17% болса, қазанда – 19,9%-ды, қарашада – 21,7%-ды құраған. Сауалнамаға қатысқандардың арасында 60 және одан жоғары жастағылар мен Солтүстік Қазақстан, Абай, Ақмола облыстарының халқы кредит алуға аса қызығып отырған жоқ.

Ал депозиттерге деген сенім индексі қараша айында керісінше құлдырап кеткен: 52,7 тармаққа дейін. Бұл тұрғыда, 2023 жылдың соңы ақша жинақтайтын кез емес деп есептейтіндердің үлесі 2,9%-ға өскен. Айта кету керек, депозиттерге деген сенім бұрынғысынша әйелдердің арасында жоғары. Ақша жинақтаудың мұндай тәсіліне жастар жағы мен Абай, Батыс Қазақстан, Қарағанды облыстарының және Астана қаласының тұрғындары сенім артуға дайын.

Жағдайымыз тыныш, бірақ…

Қарашада респонденттердің жартысынан астамы (57,3%-ы) өз төңірегіндегі жағдайға мейлінше тыныш деген баға берген. Қазан айымен салыстырғанда бұл тұрғыдағы көрсеткіш үлесі бір пайыздық тармаққа ұлғайып өскен.

Алайда, зерттеуге қатысқан әрбір төртінші респондент (26,9%) жақындарының арасында уайымға берілгендер бар екенін айтқан. Бұл мәселеге көбінесе әйелдер жағы мен зейнет жасы алдындағы және зейнет жасындағы адамдар мән берген. Сонымен қатар, бұл топтағылардың арасында Ұлытау, Қостанай, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарының жұртшылығы басым.

Kursiv Research зерттеуіне қатысқандардың басым көпшілігі (50,8%-ы) қараша айында ешқандай стресс сезінбеген. Шамамен үштен бірі (30%-ы) аптасына немесе айына бірнеше рет стреске ұшырағанын айтқан.

Стресс жағдайына жиірек ұшырағандары туралы әйелдер, 30–44 жастағы кісілер және Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Ұлытау, Қостанай облыстары мен Алматы, Астана тұрғындары көбірек айтқан.

Қорытынды

2023 жылдың он бірінші айы Қазақстан үшін тұтынушылық сенім мен оптимистік ұстанымның өсуімен ерекшеленіп, есте қалмақ. Бүгінгі таңда ел халқы тауарлар мен қызметтердің бағасындағы өзгерістерге аса көңіл бөліп отырған жоқ, сондай-ақ олар отандық еңбек нарығында қалыптасқан жағдайға оң баға беріп, стресс және алаңдау сынды күйзелістермен сирек кездесетін болған. Жаңа жыл қарсаңында республика жұртшылығы ақшаны жинап ұстағанша, көбірек жұмсауға бейін, оның ішінде – қарыз  қаражатын тартуға да әзір.

Сонымен қатар, олар алдағы уақытта нарық ішіндегі бағалар өсіп, тауарлар қымбаттап, АҚШ доллары нығая түседі деп күтеді.

Ал Қазақстан халқының бұл тұрғыдағы пікір-болжамдары алдағы уақытта қалай өзгеретінін Kursiv Research орталығының келесі зерттеулерінен көре аласыздар.

Kursiv Research зерттеу орталығы

Сондай-ақ оқыңыз