Қатты аязға байланысты Алматы әуежайында рейстер кешігіп жатыр

Жарияланды
Алматы әуежайынан

Алматы әуежайынан ішкі және халықаралық рейстер кешігіп ұшып жатыр / Фото: kursiv.media

Қатты аяз салдарынан Алматы әуежайынан ұшу қиындаған. Ұшу алаңында суыққа байланысты қиындықтар туындап, рейстер кешігіп жатыр. Бұл жайлы Алматы әуежайының баспасөз қыземті хабарлады.

Аяз салдарынан Делиге, Астанаға, Ташкент пен Ақтауға ұшатын ұшақтардың рейстері кешіккен. Сонымен бірге ішкі рейстерге байланысты да кедергілер туындап, Таразға бағытының ұшу уақыты кешіктірілген. Баспасөз қызметінің хабарлауынша бұл кедергілерді жою үшін техникалық мамандар жұмылдырылған.

«Халықаралық Алматы әуежайы ауа температурасына байланысты жерде қызмет көрсету жабдықтарында уақытша техникалық ақаулар туындап, бұл аэродромда уақтылы қызмет көрсетуге әсер етуі мүмкін екенін хабарлайды. Біздің техникалық команда бұл мәселені мүмкіндігінше тезірек шешуге тырысып жатыр»,- делінген баспасөз хабарламасында.

Сондай-ақ компания рейске техникалық қызмет көрсетуге қатысты кідірістерді азайту үшін әуе компанияларымен тығыз жұмыс жасап жатқанын хабарлаған.

«Ауа-райының қолайсыздығына қарамастан, біз тәулік бойы қызмет көрсетуді жалғастырамыз. Уақытша қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз»,- делінген хабарламада.

Еске сала кетсек, Алматы әуежайындағы Халықаралық жолаушылар терминалын өткізу қабілеті жылына 14 млн жолаушыға дейін арттыру жоспарланып отыр. Оның құрылысы 2024 жылы жазда бітеді.

Сонымен бірге Қазақстанның 13 қаласында орналасқан әуе жайларға шетелдік әуекомпаниялар шектеусіз ұшатын болады. Бұл қалалар енді «ашық аспан» режимін қолданады, оларға 5-ші дәрежелі «әуе еркіндігі» берілді. Бұл саладағы бәсекенің артуына, әуе билетінің арзандауы мен ұшу географиясының ұлғайюына ықпал етпек.

«Ашық аспан» режимін қолданатын әуежайлар: Астана, Алматы, Шымкент, Ақтау, Ақтөбе, Қарағанды, Түркістан, Өскемен, Павлодар, Көкшетау, Тараз, Петропавл, Семей қалаларының әуежайларында осы режим қолданылады.

Қазақстанда Батыс елдерімен салыстырғанда Қазақстанның ішкі рейстері қымбат саналады екен. Бұл мәселе АМАNАТ партиясының күн тәртібінде қаралған болатын. Сарапшылар  бұл мәселені шешудің жолы ретінде басқа авиакомпанияларға елде ұшуға мүмкіндік беруді ұсынған еді.  

Сондай-ақ оқыңыз